Цифрландырудың арқасында кедендік рәсімдеулер санаулы минуттар ішінде атқарылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Цифрландырудың арқасында кедендік рәсімдеулер санаулы минуттар ішінде атқарылуда

09.11.2018

Цифрландырудың игілігін көріп отырған салалардың бірі - шетелдік әріптестерімен алыс-беріс жасайтын кәсіпкерлер. Бұрындары кедендік рәсімдеулер тәуліктеп жүргізілсе, қазір санаулы минуттар ішінде атқарылады. Декларация жасату үшін құзырлы органдарға барудың қажеті жоқ. Тек кеңседе отырып келісімді күтесіз. Себебі, барлық кедендік қызмет түрі электронды форматқа көшірілді.

Сала оңтайланған соң тауар тасымалдайтын тараптарға да оңай болды. Бұрынғыдай кешігу, кептелісте тұру мәселесі енді кездеспеуі тиіс. «Астана-1» бірыңғай жүйесі кедендік рәсімдеуді түгелімен жеңілдеткен. Ең негізгісі, кәсіпкер баяғыдай құжатын қолына алып, әр есікке бір үңілмейді. Өйткені, құзыретті адамы мен құзырлы органы ортақ электронды бағдарламада отыр.

Майнұр Шетенова, «Астана – кедендік рәсімдеу орталығы» кедендік бекетінің жетекшісі:

- Физикалық байланыс үзіледі. Яғни, декларация толтырушы кеден инспекторын таңдай алмайды. Жүйе қызметкерлердің жүктемесін автоматты түрде ескеріп, сол мезетте декларацияны кімге жіберу керектігін біледі. Былайша айтсақ, тікелей байланысты 9 есеге қысқартты. Бағдарлама 24 сағат қосулы. Демалыс немесе мереке күндері деген жоқ.

Тұтынушы мен маманның кездеспеуі екеуара келіспеуіне әкеледі. Жемқорлықты нұсқап отырмыз. Енді электронды түрге көшудегі көрсеткіштерді келтірейік. Бүгінге дейін жүйеде 700 мыңнан аса кедендік декларация өңделген. Транзит бойынша – 400 мың, экспорт пен импортты қосқанда – 240 мыңнан аса және өзге де 17 мың кедендік рәсімдеу жүргізілген. 95% декларацияның орындалысы 1 сағаттан 1 минутқа қысқарды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қаржы саласында кедендік декларациялар 100% электронды форматта рәсімделеді. Бұл біз үшін үлкен проблема болатын. Шекаралардағы ұзақ рәсімдеулер, тауарларды экспортқа өткізгендей, импортта да сондай түйткіл. Біз қазір бұл сұрақты толық шештік.

Иә, мәселе бірден емес, біртіндеп шешілді. Былтыр қазаннан бастап транзит, ал, биыл қаңтардан экспорт және сәуірдің 1-нен әкелу-шығару шаралары электронды жүйеге көшірілді. Нәтижесі жемісті. Бюджетке қосымша 6,8 млрд. тг. түсім түскен.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу