Қазақстанның 13 мектебі электрондық оқулыққа көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның 13 мектебі электрондық оқулыққа көшті

08.11.2018

Яғни, оқушылар кітаппен қатар, гаджеттермен де дәріс алады. Қазақстан мен эстондық мамандардың бірлескен пилоттық жобасы 3 мың оқушыны қамтамасыз етіп отыр. Жаңашылдықтың артықшылықтары қандай? Кемшіліктері бар ма?

Алма Тұрмағамбетова 30 жылдан бері қолданып келген борды биыл нұсқауыш таяқшаға алмастырды. Бұрынғы тақтаның орнына интерактивті үлгісі ілінген. Ал, оқушыларға сабақ үстінде кітаппен қатар, смартфонды да ұстауға рұқсат. Еріккеннің ермегі үшін емес, керектіні білмек үшін. Өйткені, бұл телефондарда ойын-сауық емес, кәдімгі оқулықтардың мазмұны сақталған.

Ли Крииска, жоба құрастырушысы:

- Біздің елімізде бұл жобаның мектептерде енгізілгеніне 3 жыл болды. Осы уақыт аралығында балалардың оқуға деген қызығушылықтарының артқанын байқадық. Себебі, қазіргі заманға сай бейімдеп оқыту арқылы ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болатынына көз жеткізіп отырмыз. Оның үстіне электронды оқулықта барлық сыныптың бағдарламасы бар. Мысалы, берілген тапсырма оқушыға қиындық тудырса, алдыңғы сыныптың мәліметтерін қайталап оқып алуына болады.   

Қазір еліміздің 5 облысындағы 13 мектеп пилоттық жобаны қолға алған. Артықшылығы - оқулықтары электронды. Әзірге, арнайы құрылғы жоқ, смартфондарды пайдаланып жатыр. Алайда, келесі оқу жылынан бастап оқушының денсаулығына зиян тигізбейтін, арнайы құрылғылармен жабдықталмақ. Тағы бір тиімді тұсы – оқушы қай жерде жүрсе де, үйге берілген тапсырманы орындауына мүмкіндігі мол.   

Алма Тұрғамбекова, №62 мектеп-лицейдің мұғалімі:

- Оқулықтың көлемінен басқа, оларға қосымша тапсырма жаза аламын. Мысалы, өзіме карталарды жүктеп, оны балаларға жіберемін. Сол тапсырманы орындап отырғаны туралы көруге болады.

Алайда, мүмкіндікке бәрі ие емес. Әсіресе, ғаламторы жоқ шалғайдағы ауылдар қолдана алмайды. Есесіне, Еуразия Ұлттық университетінің студенттері бұл олқылықтың орнын толтыруға әзір. Олар әлемде баламасы жоқ құрылғы ойлап тапты. Шағын ғана болса да, инновацияның игілігі зор. Барлық қажетті материал бір құрылғының ішінде, әрі интернетсіз-ақ істей береді. Ақпараттық технология саласындағы таптырмас құрылғыға қазірдің өзінде сұраныс жоғары.

Назгүл Талғатова, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті:

- Қазіргі таңда біздің мақсатымыз - Қазақстанның барлық түкпір-түкпіріне енгізу. Сонымен қатар, болашақта бүкіл әлемге де енгізгіміз келеді. Өйткені, бұл тренажер өте көп септігін тигізеді.

Бастысы, цифрлық технологияның арқасында оқушылар ауыр сөмкеден арылмақ. Кітап тасудың қажеті болмайды. Ондаған оқулықтың орнын бір ғана гаджет алмастырады. Тек жиі құбылатын реформа жаңғыртуға емес, жаңылтуға жетелемесе болғаны.

 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу