Ұлт жоспары. Мемлекетті кәсібилендіру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлт жоспары. Мемлекетті кәсібилендіру

06.01.2016
Ұлт жоспары. Мемлекетті кәсібилендіру

Біздің бірінші реформамыз «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Мемлекеттік қызметтің реформасын біз алғашқы заңнамалық акт – Президенттің «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» заң күші бар Жарлығы қабылдануының 20 жылдығы тұсында жүзеге асыра бастауымыздың нышандық мәні бар.

1995 жылдың желтоқсанында бұл құжат тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ, бүкіл ТМД кеңістігі үшін инновация болғанын атап өту маңызды.

Біз барлық посткеңестік елдердің ішінде алғаш болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыруға кірістік.

Қазір қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды.

Менің Жарлығыммен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымында – Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылды.

Осылайша, тек мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, яғни жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр.

Бұл жерде жемқорлықпен күрестің өзі барынша дәйекті бола түседі және жүйелі сипатқа ие болады.

Міне, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң осындай ұстанымдарға негізделсе, оның өзі халықаралық стандарттарға бағдарланған және жаңа жылдан бастап күшіне енді.

Жемқорлыққа қарсы жаңа заңнамамен өзара байланыста және сонымен қатарласа қабылданған мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң мемлекеттік қызметтің жаңартылған моделінің негізгі шеңберлерін және мемлекетті басқарудың барлық жүйесінің тиімділігін күшейту бойынша одан арғы іс-қимылдардың рет-тәртібін айқындайды.

Біріншіден, әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі және жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып құралады.

Мансаптық сатының әр баспалдағында ол өзінің кәсіби жарамдылығын дәлелдеп отыруға тиіс болады.

Жаңа заңға бірқатар қағидатты нормалар енгізілген.

Мемлекеттік қызметке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты тек төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша мүмкін болады.

Жұмыс тәжірибесі мемлекеттік қызметшінің мансаптық ілгерілеуінің басты шарты болады және мұнда да тек конкурстық негізде жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, жекелеген мемлекеттік қызметшілер ротацияларының мүмкіндігі көлбеуінен және тігінен оларды қызметтік баспанамен қамтамасыз ете отырып қарастырылған.

Екіншіден, мемлекеттік қызметке ашық конкурс арқылы және Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша келісімшарттық негізде мемлекеттік емес сектордағы басқарушылар қатарынан азаматтар және шетелдік менеджерлер тартыла алады.

Үшіншіден, мемлекеттік қызметшіге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі оның біліктілігі мен атқаратын жұмысының сипатына, көлемі мен нәтижесіне байланысты заң тұрғысынан бекітіледі. Аса нәтижелі қызмет үшін бонустар төлеу қарастырылған.

Мұндай жүйені 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу жоспарланып отыр.

Бұл жерде 2016 жылы бүгінде «Б» корпусына кіретін мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы жоғарылайтынын айта кету керек.

Төртіншіден, заңда саяси мемлекеттік қызметшілер ауысқан кезде мемлекеттік аппараттың автономдығы мен тұрақтылығы қағидаты нақты жазылған.

Министрлер мен орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының өкілеттіктері егжей-тегжейлі дәлдеп ажыратылған.

Бесіншіден, шенеуніктер ортасында этикалық нормаларды бұзуға әкелетін және жемқорлық құбылыстар туындататын жағдайлардың алдын алу бойынша қатаң шаралар қарастырылған.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысының қалыптары регламенттелген Мемлекеттік қызметшілердің жаңа этикалық кодексі жасалды.

Сондай-ақ, жаңа институт – этика бойынша өкілетті өкілдер институтын құру көзделіп отыр. Олар азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге кеңес беріп, олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін болады.

Алтыншыдан, мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңның маңызды қыры оның арқаулық нормаларының құқық қорғау органдарына да қатысты болатынымен байланысты.

Бұл жерде құқық қорғау органдарындағы қызметтің ерекшелігі қолданыстағы «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңда ескерілген.

Жетіншіден, жаңа заң негізінде және еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгеннен кейін «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін жаңа біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша кешенді аттестаттаудан өткізу жоспарланған.

Аттестаттау кезеңінде мемлекеттік қызметке орналасуға конкурстар өткізуге мораторий жарияланатын болады.

Қызметшілердің біліктілігін 3 жылда бір реттен кем болмайтындай етіп міндетті арттырып отыру заң тұрғысынан бекітіледі.

Тұтастай алғанда, мемлекеттік қызметті жаңғыртудың негізгі қырлары осындай.

Мен оны Қазақстандағы барлық жаңғырту үдерісі ой-ниеті табысының шешуші тетігі ретінде қарастырамын.

Хабарламаларға жазылу