Қазақстандықтар бір жылда орта есеппен 2,7 миллиард долларды шетелде демалуға жұмсайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар бір жылда орта есеппен 2,7 миллиард долларды шетелде демалуға жұмсайды

08.07.2019

Қазақстанда тұсаулы аттай тыпырлап тұрған бір сала бар. Туризм деген. Өзі қашан көрсең, арбаның бесінші доңғалағы секілді әртүрлі министрлікке тіркесіп жүреді. Содан да болар, отандық туризмнің сервис сапасы сыннан көз ашпай-ақ келеді. Баға сапаға, сапа бағаға сай келмей жатады үнемі. Әйтпесе, туризмді дамытуға мүмкіндік беретін тұмса табиғаттың көкесі бізде емес пе? Жер жәннаты Жетісу,  асқар шыңды Алтай, емдік қасиеті мол Алакөл, айдыны жарқыраған  Балқаш, шөбі шүйгін Баянауыл, орманы сыңсыған Қатон Қарағай, Қысқасы, айтып тауысу мүмкін емес. Бірақ Қазақстанның географиялық бет-бедері кез келген шетелдікті тамсандырғанымен, еліміздегі ішкі туризмнің ахуалы мәз емес. Бағасы тым  қымбат. Кейде шет елде демалған әлдеқайда арзанға шығады. Сол себепті, туристер санына қарағанда, шетелге демалуға шығатын қазақстандықтардың саны жыл сайын артып келеді. Бір жылда орта есеппен 2,7 миллиард долларды шетелде демалуға жұмсайды екенбіз. Яғни, теңгемен есептегенде триллиондаған қаржыны өзге елдің экономикасына құйып отырмыз. Біздегі туристік фирмалар жұртты шет елге шығарумен ғана айналысып жатыр деген сөз бұл. Қазір әлемдік жалпы ішкі өнімде туризм саласының үлесі 10 пайыздан асады. Бұл көрсеткіш Испанияда 11, Түркияда 12, Ұлыбританияда 9 пайыз екен. Бұл елдермен өзімізді салыстырмай-ақ, қояйық, бірақ мынау тұрған көрші Өзбекстанда ол 3 пайыз болса,  бізде бір жарым пайыздан әзер асып жығылады. Жыл басында біздің үкімет туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасын мақұлдады. Құжат Туризм саласын Қазақстан экономикасының драйверіне айналдыруды көздейді. Онда 2025 жылға дейін туризмнің Жалпы Ішкі Өнімдегі үлесін 8 пайызға, инвестиция көлемін 2 триллион теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. 200 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылып, туристер саны жылына 15 миллионға дейін көбейеді деген үміт бар. Қазір Қазақстанға 83 елдің азаматтары визасыз кіріп шыға алады Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері елімізге 7 310 шетелдік турист виза рәсімдепті. Біріккен Араб әмірліктері, Үндістан Малайзия, Гонконг, Польша, Оңтүстік Корея  және АҚШ елдерінен келушілер санының артқаны байқалады. Туристерді тарту мақсатымен Алматы тау кластері, Щучинск-Бурабай шипажайы, Түркістан, Алакөл, Маңғыстау, Баянауыл, Балқаш және Шалқар-Имантау курорттық аймақтарын дамыту ісі қолға алынуда.

 

Хабарламаларға жазылу