Арыс қаласын қалпына келтіру мен ондағы әскери қойманы көшіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыс қаласын қалпына келтіру мен ондағы әскери қойманы көшіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

08.07.2019

Арыстағы апаттан абдырап қалған қалың ел ес жиып, етектерін қымтай бастады. Оған алыс жақын демей, қара орман қазақ деген жұрттың тілеуі мен сын сағатта тірек болған қамқорлығы да демеу болды.Үркіп қалған үркердей ел көптің көмегімен бірге көл-көсір ниетіне иек артып, күдіктерін ұмыт болғыр сол күнге қалдырып, қалаға қайтты, қалыпты тірліктеріне көшті. Осы апат болған Арысты қалпына келтіру үшін 34,5 миллиард теңге қажет. Қазына қаржысына жауапты Әлихан Смайылов жақын күндері бюджет туралы заң жедел қаралып, қажетті қаржы діттеген жеріне жететінін жеткізді. Қазір үкіметтің резервінде 72 миллиард теңге бар. Осының тең жартысы Арысты қалпына келтіруге жұмсалмақ. Теңге тиыннан, ынтымақ ұйымнан құралады. Жаратқан салды, арыстықтар соған сынбай бір сынақтан сүрінбей өтті. Қалың ел де қалталарына қарай көмектесті, дем берді. Ал ақ жағалылар бөлінетін қаржыны бірнеше бағыт бойынша жұмсап, қаланы жақын уақытта қалпына келтіреміз деп сендіріп отыр. Қауіпсіздік мәселесі де қаперден шықпақ емес. Осыдан екі күн бұрын тағы да жарылыс болған Арыстағы әскери бөліміді көшіру жұмыстары басталып кетті. Қауіп аймағында қорғаныс министрлігінен басқа 42 топ жұмыс істеп жатыр. Олар табылған оқ-дәрілер мен миналарды залалсыздандыруда. Сонымен қатар әскери қызметкерлер қала мен оған жақын елді мекендерді, әскери қойманы оқ-дәрілерден тазартып жатыр.

 

 

Хабарламаларға жазылу