Президент Мемлекеттік Ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Мемлекеттік Ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты

07.07.2019

Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды армандаған Сұлтанмахмұт Торайғыров «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз» деп өлең сөзімен серт беріп еді. Сол серт бүгінде бар қазақтың жүрегінде жалау боп желбіреп тұр. Көкбайрақтың көкте қалықтауынан жігер аламыз, «көк тудың желбірегені жаныма қуат береді» деп әндетіп те жүрміз. Елорданың тойы жыл сайын ту көтеруден басталады. Тудың тұғырға қонуы бұл – қала күнін тойлаудың салтанатты түрде шымылдық түргенін білдіреді.

Биылда бұлжымас дәстүр жүрісінен жаңылған жоқ. Жұма күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтулы шараға қатысып, қала тойының басталғанын ресми түрде жария етті. Қазақ үшін көгінде желбіреген көк байрақтан қасиетті нышан жоқ. Президент өз сөзінде  ту – ел бірлігінің символы екеніне тоқталды. Салтанатты ту көтеру рәсімі аясында Президент еліміздің әскери оқу орындарының 27 курсантына офицер шенін өз қолымен тапсырды. Жас сарбаздарға отанды қорғау ардың ісі екенін қадап айтты. Екінші дүниежүзілік соғыс пен Ауған жерінде болған қақтығыстарда 100 мыңдаған отандасымыз ерен ерлік көрсеткені белгілі. Президент олардың даңқты жолын жалғастыру – бүгінгі жас сарбаздарға жүктелген қастерлі парыз екенін жеткізді.

 

 

Хабарламаларға жазылу