Жаз келісімен, біраз жұрттың аллергиясы қоза бастайды. Жалпы соңғы жылдары елімізде мыңдаған адам маусымдық аллергияға шалдығып, емін таппай жүр. Біз ғана емес, бүкіл әлемдегі халықтың 25 проценті осы ауруға шалдыққан екен. Дәрігерлер де бірі шөптен, бірі ауадан, бірі тамақтан деп нақты себебін анықтай алмай әлек. Жыл өткен сайын балалар, әсіресе нәрестелер арасында аллергия күрт артып барады. Ең қызығы, дәрігерлер бұл ауруды қоздырушылар қатарына кәдімгі сүтті жатқызып отыр. Естігенде бәріміз таң қаламыз, бірақ ғалымдар «ағарған» деп қасиет тұтатын сүт және сүт өнімдерінің қып-қызыл зиянын айтып, ескертіп жатыр. Мәселе «қоспа сүт», «ұнтақтан» жасалатын импорт сүтте емес. Кез келген сүт!!! Сүттің зиянын әлем ғалымдары осыдан 10 жыл бұрын дәлелдеген. Бірақ ақпен өскен қазақ үшін бұл тақырып әлі таңсық.