Мемлекет те, Мемлекет басшысы да соңғы кездері жастарға көп қолдау көрсетіп жүр. Президент қызметте жастарды өсіруі бір бөлек, жастар кадрлық резервін құрып, балалар күні жас дарындармен кездесіп, мемлекеттік саясаттың бұл бағыттағы жұмысына басымдық бере бастады. Бұл ретте әскери патриоттық тәрбие беру мәселесін де айтпай кетуге болмас. Тұңғыш Президент, Елбасы бастамасымен бірнеше жыл бұрын елде әскери патриоттық тәрбие беру жүйесі қолға алынды. Елордадағы бұрынғы орталық мұражай базасында қорғаныс министрлігінің әскери патриоттық орталығы ашылып, жас сарбаз қозғалысы құрылды. Осылайша елімізде жас сарбаздардың «Айбын» атты жиынын өткізу дәстүрі қолға алынды. Бұл жұмыстың басталғанына биыл 5 жыл.
Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен, Қарағандыдағы Спасск әскери оқу жаттығу орталығында «Айбын-2019» жиыны өтті.