Қазақстан Президенті бейсенбі күні Қорғаныс министрлігінің алқа отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Президенті бейсенбі күні Қорғаныс министрлігінің алқа отырысына қатысты

26.05.2019

Қару мен техниканың соңғы үлгілерін енгізе отырып, әскери әлеуетті арттыру керек. Бұл ретте болашақ сарбаздар тәрбиесіне мектеп жасынан мән берген ләзім. Бейсенбі күні Президент Қорғаныс министрлігінің алқа отырысына қатысып, ведомство басшылығына осындай міндет жүктеді.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан жинақы, жылдам, жауынгерлік қабілеті зор әскерді қалыптастыра білді. Министрліктің жалпы жұмысына оң бағасын берген Мемлекет басшысы қазіргі күн сайын құбылған заман  елдің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайтуға мәжбүрлейтінін айтты. Сондықтан әскерилерді әзірлеудің жаңа әрі сапалы жүйесіне көшуді тапсырды.

Ал, араға күн салып, Мемлекет басшысы Ұлттық Ұланның әскери бөліміне барды. Бұл бөлім жауынгерлеріне қойылатын талап – өте жоғары. Қасым-Жомарт Тоқаев элиталық гвардия сарбаздары кез келген күрделі тапсырманы орындауға дайын болуы керектігін айтты. Ел тыныштығы үшін шұғыл әрекет етуге сақадай-сай бұл сарбаздардың әбжілдігі 2016 жылы Ақтөбеде болған террорлық оқиға кезінде көрінді. Тек осы бастарын бәйгеге тігіп, борышын өтеп жүрген әскерилердің әлеуметтік жағдайы әркез күн тәртібінен түспей келеді. Мемлекет басшысы Үкіметке әскерилердің тұрғын үй төлемдерін толық өтеу бойынша түбегейлі шаралар қабылдау қажет екенін айтты.

Хабарламаларға жазылу