Елдегі қылмыстың 60 пайыздан астамы ұрлықпен байланысты екен. Әрбір бесінші қылмыс пәтер тонауға қатысты тіркелген. Бұлар - ұсақ-түйек тұрмыстық қылмыстар. Ал осы кезде түйені түгімен, биені бүгімен қылғытатын, яғни мемлекеттің қазынасын шімірікпестен тонайтындардың легі толастамай тұрғаны ойға оралады.
Осы апта қазына қаржысын заңсыз қарпымақ болған, Қостанайда 4,5 миллиондай теңгенің мүлкін ұрлаған теміржол бекетінің басшысы сотталды. Бұл бер жағы, ал Атырау облысында жыл басынан бері мемлекет қаржысын жымқыруға қатысты 26 дерек анықталған. Салдарынан бюджеттен 121 миллион теңге қолды болған.
Тіпті Ұлттық тестілеу орталығы бұрынғы басшылары бірінің 9 миллион теңге тұратын Toyota Camry автокөлігін сыйға алғаны әшкере болды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі соңғы 3 жылда білім саласында 620 сыбайлас жемқорлық фактісін анықтаған. Құрыққа ілінген 364 адамның арасында 57 мектеп директоры, 10 колледж директоры және 22 балабақша меңгерушісі бар. Ал жалпы салаға жемқорлықтан келген залал сомасы - 1,5 млрд теңге.
Мінекейіңіз, бұл тек ең маңызды білім саласына қатысты мемлекеттің қанша қазынасы ұрланғанын көрсететін бір ғана мысал. Осы апта Ақордада сыбайлас жемқорлыққа қатысты өткен кеңесте жегіқұртқа айналған дертпен күрестің күшейетіні белгілі болды. Тіпті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кім болсын адалдық сертінен тайғандарды аямайтынын қадап ескертті.
Мінекей, қосшысы қазынаға қол салса, басшысының да басы кетеді. Демек, бірінші басшы қол астынағы әрбір қызметшінің тазалығы мен тәртібіне басымен жауапты. Бұл - Президенттің бір ғана талабы. Жалпы, осы жиында ол жемқорлықты түбегейлі жоюға бастайтын жеті шараны атап көрсетті. Ақордада өткен алқалы жиыннан Ержан Қалымбайұлы ой түйеді.