АҚШ пен Қытайдай алпауыттар текетіресінің салқыны өзге елдерге де әсер етпей қоймасы анық. Біте қайнаспасақ та, ханзулар елі біздің ауылшаруашылық тауарымызды белсенді тұтынып келеді. Әсіресе бидаймызды. Былтыр 560 мың тонна бидай Қытайға экспортталыпты. Сарапшылар біздің бидайға сұраныс жоғары, тағы да өсе түседі деп болжайды. Қытай ғана емес, Иран, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан да қазақ бидайын сатып алып отыр. Біздің бидай өзге елдермен салыстырғанда, экологиялық таза деп есептеледі. Бидай жақсы болғанымен, наннан сапа кетіп бара жатқан сияқты. Соңғы кездері дәрігерлер мен диетологтар «наннан бас тартыңыз» деп жиі кеңес береді. Өйткені, мына нан құрамындағы ашытқы мен дәмдеуіштердің ағзаға пайдасынан гөрі зияны көп екен. Осыдан 2 жыл бұрын Испаниядағы Наварра университетінің мамандары ақ нанды бес жыл бойы зерттегендерін мәлімдеді. Зерттеуге қатысқан 10 мың адам күніне 120 грамм немесе одан көп мөлшерде ақ нан жеген. Тәжірибеден өткен адамдардың семіздік ауруына шалдығу қаупі 40%-ға ұлғайғаны дәлелденді. Тістем нанның қадірін, тарыққанда білерсің дейді. Мемлекетте нан бағасының негізсіз көтерілмеуін қадағалайды, яғни, нан – арзан. Арзан болғаннан соң ба, қадірі кетті. Шын мәнінде, біз қандай нан жеп жүрміз? Зияны бар ма? Әріптесім Айнұр Омар апта бойы түрлі нарықтағы нан өнімдерін зерттеді.
Айнұр ОМАР