Мемлекет басшысы 4 бірдей мекемеге барып, жұмысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы 4 бірдей мекемеге барып, жұмысымен танысты

19.05.2019

Осы апта президенттің жұмыс кестесі өте тығыз болды. Екі өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан соң, бас қалада бірқатар іс-шараға қатысты. Жұма күні 66 жасқа толған туған күнінде де дамыл таппай, елордадағы 4 бірдей мекемеге барып, жұмысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен «Ikomek109» мониторинг және шұғыл әрекет ету орталығына барды. Орталық – тәулік бойы қаланың қауіпсіздігін бақылайды, коммуналдық кәсіпорындардың барлық Call-орталықтарын біріктіреді және тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын өңдеуге мүмкіндік береді. Президентке басқару панелінің мүмкіндіктері көрсетілді. Мұнда 6 мыңнан астам камера қосылған, олар төтенше жағдайларда шұғыл әрекет етіп, оларды жоюға, сондай-ақ, қаланың тыныс-тіршілігіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Бұдан соң Тоқаев Паралимпиадалық жаттығу орталығына барды. Мемлекет басшысы халықаралық қолжетімді стандарттар бойынша қайта жаңғыртылған, мүмкіндігі шектеулі жандарға толықтай ыңғайластырылған жаттығу, ойын залдары, жүгіру жолағы, жекпе-жек және пауэрлифтинг аумағы бар паралимпиада орталығымен танысты. Президент мемлекет паралимпиадалық ойындарды қолдайтынын әрі халықаралық ареналардағы біздің спортшыларымыздың жетістіктерін мақтан тұтып, жоғары бағалайтынын айтты.

 Президент барған 3-ші нысан – «Боталы» отбасы денсаулығы орталығы. Мұнда мемлекет басшысына қаланың алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем желісінің дамуы және «Үйдегі дәрігер» жобасының жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берілді. Президент медициналық көмектің сапасын арттыруды және тұрғындарға оның қол жетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Тоқаев медициналық кабинеттерді, жеңілдікпен дәрі-дәрмектер берілетін дәріхананы да аралап көрді.

Сондай-ақ, Президент №68 мектеп-гимназияға барды. Нұр-Сұлтан қаласындағы білім беру мекемелерінде жүргізіліп жатқан цифрландыру жұмыстарының нәтижелері баяндалды. Соның ішінде балабақшаларға кезекке қою және жолдама беру, мектепке қабылдау және мектептен мектепке ауысу, оқу орнына кіруге арналған бірыңғай электронды карта және оқушылардың тамағы мен жолақысы үшін ақшасыз төлем жүйесін енгізу сияқты шаруаларды онлайн форматына көшіру жөнінде айтылды. 

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу