Жеңістің 74 жылдығы тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңістің 74 жылдығы тойланды

12.05.2019

Сарғайған тарихты парақтасақ, сонау ашаршылықта 4 миллион қазақ қынадай қырылыпты. 1,5 мил­лиондай қандас ше­тел асыпты. Сол зор зобалаңнан аман қалған 2,5 мил­лион қа­зақты қатыгез тағдыр тағы бір сілкілеп алды. Ашаршылық пен репрессиядан ел есін енді жиғанда, 1941 жылы соғыс басталды. Еркек кіндік қанды қасапқа айдалды да кетті.

Сол сұм соғыстың аяқталғанына биыл – 74 жыл. Ресей астанасында Жеңістің 74 жылдығына арналған әскери парад өтті. Салтанатты шараға Қазақстанның Тұңғыш Президенті мәртебелі мейман ретінде барды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин алдымен соғыс ардагерлеріне құрмет-қошеметтерін білдірді, содан соң бірге отырып, парадты тамашалады. Қызыл алаңнан сымдай тартылған 13 мың сарбаз сап түзеп өтті. Парадты әскери техниканың шеруі жалғастырды. Жалпы саны 130-дан астам ауыр машина мен соғыс қаруларының түр-түрі Ресейдің басты алаңынан лек-легімен жүріп өтті.

Жеңістің 74 жылдығына арналған мерекелік шаралар Қазақстанның да қиыр-қиырында өтті. Отан үшін от кешкендерді еске алу дәстүріне сай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Отан қорғаушылар» монументі алаңына барды. Бұл - соғыс жылдары азаттық жолында ажал құшқан жауынгерлер мен соғыс ардагерлерінің құрметіне қойылған ескерткіш. Президент олардың рухтарына тағзым етіп, монументке гүл шоғын қойды.

Сондай-ақ, алаңға жиналған қауым майданда қайтыс болған батырларымызды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ал, Құрмет қарауыл ротасы жиналғандардың алдынан салтанатты түрде сап түзеп жүріп өтті.

 

Хабарламаларға жазылу