Отандық киім неге қымбат? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық киім неге қымбат?

05.05.2019

Осы ретте кезіндегі мына кекесін өлең еске түседі:

«Ағылшыннан киім киген, 
Француздан погон ілген,
Жапондардан темекі алып,
Омскіні билеп жүрген»...

Ресейдің патшалық жүйесінің соңғы үміті Колчак адмиралды жұрт осылайша мысқылдаған екен. Айтпағымыз адмирал емес, өз келбетіміз. Егер біздің азаматтардың бой-басына зер салсаңыз, бір-бір «Колчакті» көруге болады. Біздің киім - қытай, түрік, қырғыз елдерінен. Азаттық алғалы бері иті қырын жүгіріп, жүрісі өнбей тұрған бір сала болса, соның нақ өзі - осы жеңіл өнеркәсіп.

Тері-терсек, жүн-жұрқа, мақта-мата секілді шикізатымыз шетел асып, одан дайын өнім болып өзімізге қайтып келеді. Екі есе бағасына іздеп жүріп сатып аламыз. «Қытайдың, түріктің күртешесі» деп қоямыз, ал оның былғарысы сіз бен біз қонақасыға сойған қойдың терісінен жасалғанын біле бермейміз. Сөйтіп, «шіркін, ұлтымыздың ұл-қыздары түймесіне дейін Қазақстанда жасалған жарасымды киімді жарқыратып киіп, сұлу торы аттай сыланып жүрер күн қайда?» дейміз де, қоямыз.

Статистика не дейді? Біздің ел жылына 145 миллион АҚШ долларын киім импортына жұмсайды екен. Ал, енді қараңызшы, жеріміз жетеді. Мал да өседі, мақта да өседі. Жүн-жұрқаның есебі жоқ. Бірақ, соны өткізе алмай сорлайды шаруалар. Ақыры шіріп қалады. 

Бізде де дизайнер қыз-келіншектер шығып жатыр. Бірақ сол сән үлгісін қуалағандардың бұйымдарын қалтаң түгілі, қап-қап дүниең болса да көтере алмайсың. Тым қымбат. Сосын жүргенің басқаның сән үлгісіне аузыңды ашып, көзіңді жұмып. Ақшасы барлар алады. Ақшасы жоқтар сол арзанға алданады.

Сосын әлемдік сауда-саттықта бренд деген ұғым бар. Бір салада атағы шығып, беделі әбден бекіген фирма өз өнімдерін кедергісіз сатады, жылдам өткізеді. Брендке құмар бұқара кез келгеннің тіккен киімін, жасаған затын, шығарған өнімін көп елей бермейді. Айтпағымыз, еліміздің сәнгерлері жыл сайын сән апталығында бас қосады. Киімдерін көрсетіп, таныс-біліс болып, ортақ мәселені талқылайды. Сонымен, қазақстандық дизайнерлердің киімдері қашан қолжетімді болады? Айнұр Омар осы мәселенің ұңғыл-шұңғылына үңілді.

Хабарламаларға жазылу