Талай жыл ядролық полигонның небір зұлмат-зобалаңын көрген қазақтың елінде алдағы уақытта атом электр станциясы салына ма? Ұстараның жүзіндей өте өткір бұл мәселе біздің қоғамда әлі күнге қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл талас-тартысқа осы апта Семейге барған Президенттің өзі нүкте қойғандай болды. Иә, халықпен санасқан, ақылдасқан ләзім. Байсалды һәм байыпты қадам. Жалпы, АЭС ағайынды алаңдатқан жалғыз дара мәселе емес. Елдің бірқатар өңірінде аш ішектей шұбатылған әлеуметтік проблемалар жетеді. Семейліктер экологияның зәр-зардабын әлі күнге тартып отыр. Көлеңкеде қалған көне қаланың қордаланып қалған шетін мәселелері шерменде қылады көңілді.
Өскеменде де экологиялық ахуал өзекті. Жалпы, Ертіс өңірін жайлаған ел-жұрт сапалы ауызсуға зәру. Сонымен, жоғарыда айттық. Мемлекет басшысы Семей мен Өскеменге, әрі қарай Павлодар өңіріне іс-сапармен барды. Киелі орындар мен маңызды нысандарды аралап, күрмеулі мәселелерге қанықты. Қанықты да, халықты қажытқан мәселелерді жергілікті ақжағалыларға шешуді тапсырды. Президент сапары туралы Әсима Нұрбайқызы баяндайды.