Сәуірдің басында елорда іргесіндегі Қосшы ауылынан шу шығып еді ғой, есіңізде ме?! Телерналар тұрғындардың бірнеше күннен бері сусыз отырғанын хабарлаған. Тұрғындар тамшы суға зәру екендіктерін айтып, ашынып еді. Ал, жергілікті билік ауыл маңындағы Нұра өзенінің тасып, ауызсу ұңғымасын бітеп тастағанын сылтауратқан. Судың екпіні қайтқанша, ешқандай қайыр жоғын айтып ақталған.
Ақыры бұл жағдай Президенттің де құлағына жетіп, мәселеге Тоқаевтың өзі араласты. Ол Твиттер-дегі парақшасына төтенше жағдайды тез арада шешуді жауапты орындарға тапсырғанын жазды. Одан кейін әкімдер қалай қарап жатсын?! Сол күннің ертеңіне-ақ, сыздықтап тұрған су құбырына жан бітіп сала берді.
Ал, кеше Мемлекет басшысы жұмыс сапармен осы Қосшы ауылына барып қайтты. Ең алдымен, су тарату станциясын аралап көрді. Жергілікті атқамінерлер есеп берді. Президент сосын елді мекендегі Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 орта мектепке де соқты. Мемлекет басшысымен бұлайша бетпе-бет жүздесу жиі бола бермейді, осыны ескерген ұстаздар қауымы түйткілді мәселелерін ақтарып салды.
Бүгінгі күні ауыл тұрғындарының саны күн санап артып келеді. Негізі, кент 16 мың адамға есептелген. Бірақ, халық саны қазір ресми межеден екі есе артып, 50 мыңға жетті. Президент бұл жағдай ауданның әлеуметтік саласына үлкен салмақ түсіріп отыр деді.
Десе де, тұрғындардың тұрмыс сапасына кері әсер етпеуі керектігін тапсырды. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет пен Ақмола облысының әкімдігіне кемшіліктерді қалпына келтіруге және ауылды одан әрі дамытуға нақты тапсырмалар беріп кетті.
Шынар АСАНҚЫЗЫ