Алдағы Президент сайлауына 9 млрд 400 млн теңге бөлінеді. Бұл туралы сейсенбі күні Премьер-министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді. Бұл қаражат республиканың барлық өңірінде орналасқан 10 мыңға жуық сайлау учаскесінің қызметіне жұмсалмақ. Ол жерде 70 мыңдай адам жұмыс істейді.
Қаржының едәуір бөлігі сайлау науқанында уақытша жұмыс істейтін азаматтарға төленбек. Сондай-ақ, осы аптада Президенттікке кандидаттың қазақ тілін жетік меңгергенін анықтайтындардың есімі белгілі болды. Орталық сайлау комиссиясы жанында өткен жиында лингвистикалық комиссия құрылып, оның мүшелері болып Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Серік Қасқабасов сынды ғалымдар бекітілді.
Сонымен қатар, кандидаттар орталық сайлау комиссиясына 2 құжат тапсыруы тиіс. Алғашқысы – өзінің және зайыбының табысы мен мүлкі туралы декларацияны тапсырғаны жайындағы салық органдарынан анықтама. Екіншісі – денсаулығы туралы медициналық қорытынды.
Ержан ҚАЛЫМБАЙ