Нұр-Сұлтан атауына ел тұрғындары ерекше қолдау білдіруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтан атауына ел тұрғындары ерекше қолдау білдіруде

31.03.2019

Қазақ астанасының жаһан картасына жаңа атаумен жазылғанына бүгін тұп-тура тоғыз күн. Астана атауын өзгертуге ұсыныс түскен мезетте көпшіліктің көңілі алабұртып, біртүрлі қимастықпен қарағаны анық дүние. Солай болуы заңды да шығар. Өйткені елдің бас қаласын өзіміз де, өзгелер де Астана деген атпен таныдық. «Астана» сөзі брендке айналды. Бірақ мойындау керек, елорданың да, ел дамуының да ар жағында Елбасының есімі тұр. Осыны әрбір қазақстандық іштей болса да түйсіне білді.

Елорда - Елбасының белбаласы іспетті. Идея авторы да, іргетасын қалаған да өзі. Қала салмақ былай тұрсын, кірпіш қалау қолынан келмейтіндер бар. Сондықтан елорданы бас құрылысшы – Елбасының есімімен атау аса бір оғаш іс болмаса керек.

Кезінде Петр I де Санкт-Петербургті батпақтың үстінде тұрғызған екен. Оның Ресейді мемлекет ретінде қалыптастырудағы рөлі ерекше екені тарихтан белгілі. Сол сияқты Нұрсұлтан Назарбаевтың реформалары да келешекке деген күмәнді сейілтті. Ал, мұндай тұлғаның ерлігін өскелең ұрпақ біліп өсуі тиіс. Осы тұрғыдан да қалың қауым Елбасының есімін еліміздің бас қаласына беру орынды шешім екенін айтады.

Хабарламаларға жазылу