Әлеуметтік қамқорлық шараларына бюджеттен 444 млрд. теңге бөлінетін болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік қамқорлық шараларына бюджеттен 444 млрд. теңге бөлінетін болды

17.03.2019

Экономикалық өсім әркез Үкімет жұмысының басты көрсеткіші болып келеді. Сондықтан, Мамин кабинеті де жыл соңына дейін жалпы ішкі өнім өсімі 5%-дан кем болмауы керек деп отыр. Сейсенбі күні Үкімет отырысында Асқар Мамин министрлерге осындай нақты тапсырма жүктеді. Биыл екі айдың көрсеткіші бойынша, жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,5 пайызға жеткен. Әдеттегідей, тау-кен, машина жасау, химия өнеркәсібі, сауда және көлік саласы экономикаға дем беріп тұр. Құрылыста, өңдеу өнеркәсібі, металлургия, сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестициялар 104 пайызға дейін жеткен.

«Бірақ, дәл осы салаларда өсу қарқынын одан ары арттыру керек», - деді Үкімет басшысы. Сонымен қатар, кейбір өңірлер негізгі капиталға салынған инвестициялар және өнеркәсіп, құрылыс салаларындағы көрсеткіштер бойынша артта қалып отыр. Сол себепті, Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне түйткілді өңірлердің басшыларымен бірге мәселені зерделеуді ұсынды. Соның негізінде бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жоспарлы оң өсу көрсеткішіне шығу үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ қазір атқарушы биліктің негізгі міндеті Елбасы жариялаған Әлеуметтік қамқорлық шараларын тиянақты орындау. Үкімет жетекшісі Президенттің барлық бастамаларына толық көлемде қаржы бөлініп, жүзеге асырылатынына тоқталды. Сосын ол алға қойылған міндеттердің уақытылы орындалып, нәтижелі және сапасының жоғары болу қажеттігін айтты. Бұл бағдарламаға бюджеттен 444 млрд. теңге бөлінетіні белгілі болды.

Хабарламаларға жазылу