Елбасы әйелдер қауымы өкілдерімен дәстүрлі кездесу өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы әйелдер қауымы өкілдерімен дәстүрлі кездесу өткізді

10.03.2019

Бағамдап қарасақ, көктемнің алғашқы айы бастала, мерекелердің тиегі ағытылады. Алғыс айту мейрамынан соң іле-шала қыз-келіншектердің жайма-шуақ мерекесі көш жалғайды. Қазақстанда күнтізбеге қызылмен таңбаланған мереке-думандар баршылық қой. Бірақ 8 наурыз арпа ішіндегі бір бидайдай мән-маңызы бөлек мейрам. Бала мен ана, әке мен қыз, апа мен іні, аға мен қарындас, қыз бен жігіт, әйел мен еркек арасындағы қарым-қатынастың діңгегін бекемдейтін, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін күн. Бұл мерекеде сый-сияпатсыз қалатын қыз-келіншек кем де кем. Елбасы осы апта ерекше күнге орай, сан салада еліміздің дамуына еселі үлес қосып жүрген бір топ қыз-келіншекті қабылдады. Бұл өзі үзілмейтін үрдіс. «Көктем шуағы» атты мерекелік кездесуде ашық-жарқын әңгіме өрбіп, аналар күніне арналған ақ тілектер ақтарылды.  Қыз-келіншектер бұл күні Елбасымен емен-жарқын дидарласып, Ақордада қонақ болды. Жалпы, біздің ақ жаулықты аналарға, ақ некелі жарларымыз бен қарлығаш пейіл қарындастарға құрметіміз алабөтен. Тереңдеп қарасаңыз, қазақ тарихында ақыл-парасатымен ел басқарып, қайсарлығымен жау тойтарған, ақындығымен дүйім жұртты аузына қаратқан аналарымыз аз болмаған. Қазақ елінің бүгінгі дамуын да өмірде нәзік, көңілде биік, істе мығым қыз-келіншектерсіз елестету мүмкін емес.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу