Көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары күшейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары күшейтіледі

03.03.2019

Көптің көкейінде жүрген сан сауалға осы аптада нүкте қойылды. Көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары күшейтіледі. Президент сәрсенбіде бас партияның XVIII құрылтайында осылай деп атқарылған және атқарылатын шаруаларды таразылады. Әр бала үшін 21 мың теңгеден беріледі. Бүгінде елімізде 340 мыңға жуық отбасында 4 баладан артық бала бар. Жыл сайын көпбалалы отбасыларға 500 млрд теңгеден аса қаражат бөлініп келді. Енді бюджеттің 45 пайыздан астамы осы әлеуметтік салаға бағытталады.

Президент съезд барысында осындай жаңалықтарды айтып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін атқарушы билікке нақты міндеттерді жүктеді. Бұған жаңадан жасақталған Үкіметтің әрбір мүшесі басымен жауап береді.

Нұрсұлтан Назарбаев министрлер мен әкімдерге ауылдағы көпбалалы отбасылар үшін жеке квота, грант пен микрокредиттерді енгізуді тапсырды. Бұл жұмысқа «Nur Otan» мен «Атамекен» де қатысуы тиіс. Әрі әкімдер халыққа жақын болуы керек, жылына бір рет емес, бірнеше рет рет кездесуі керек. «Мен халықтың арман-тілегін сездім, сол себептен Үкіметті ауыстыруға тура келді. Жаңа адамдар келді. Олар экономиканы дамытып, атқарушы билік одан да нақты және жауапты жұмыс істейді деп ойлаймын», - деді Президент.

Ал, барлық бастамалар жүйелі түрде жүзеге асса, халықтың тұрмысы түзеліп, өмір сапасы артатыны ақиқат. Бұл орайда елдің жетекші партиясы тарапынан бақылау қатты болмақ.

Хабарламаларға жазылу