Бақытжан Сағынтаев отставкаға кеткеннен кейін мәлімдеме жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақытжан Сағынтаев отставкаға кеткеннен кейін мәлімдеме жасады

24.02.2019

Елбасының «Үкімет Отставкаға кетуі тиіс» деген мәлімдемесінен кейін Б.Сағынтаевтың кабинеті шұғыл жиналды. Кезектен тыс отырыста Премьер-Министр Үкіметтің отставкаға кететінін хабарлады.

Бақытжан Сағынтаев алға қойған міндеттерді іске асырудағы үйлесімді жасалған жұмыстары үшін Үкімет мүшелеріне ризашылығын білдіріп, барлығына табыс тіледі. Сонымен қатар, ол ерекше сенім артқаны үшін Елбасыға алғысын айтып, арнайы мәлімдеме жариялады.

Іле-шала Мемлекет басшысы Үкімет қызметін доғару туралы арнайы жарлыққа қол қойды. Ел Конституциясының 70-бабына сәйкес шығарылған қаулыда «Қазақстан Республикасы Үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын» деп жазылған. Жарлыққа сай, Премьер-Министр міндетін уақытша атқару Асқар Маминге жүктелді. Ол бұған дейін Үкімет басшысының бірінші орынбасары болып келген еді.

Ал, Үкімет мүшелері жаңа құрам бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді. Енді 2,5 жыл бойы атқарушы биліктің екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстаған Бақытжан Сағынтаевтың жұмысы туралы аз-кем ақпар. Содан бері нендей іс тындырды дегенге келетін болсақ, Әбдірұлы әуелі экономиканы цифрландыруға ден қойды. Яғни, «Цифрлық Қазақстан» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Нәтижесінде біржолата болмаса да, қазір мемлекеттік қызметтің көптеген түрі қағазбастылықтан құтылды. Әрі бұл жобаны Сағынтаев үкіметі қоғамның барлық саласына бірдей енгізді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен қойын-қолтық жұмыс істеп, шағын және орта бизнестің жолын кес-кестейтін түрлі кедергілерді жойды. Инвестиция тарту үшін де аз тер төккен жоқ. Үкімет жанынан арнайы «Kazakh Invest» деген мекеме құрды. Экономиканы басқарудың нақты индикаторларға негізделген жобалық жүйесін түзді. Сағынтаевтың тұсында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша елімізде тұрғын үй-құрылысы рекордтық деңгейге жетті. Агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту жоспары да Сағынтаевтың тұсында түгел өзгерді. Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасы бойынша елдің әлеуметтік-экономикалық тірлігін түзеу үшін 2025-жылға дейін арналған Стратегияның қабылдануына мұрындық болды. Сағынтаев Үкімет үйінде отырған кезде арагідік қарамағындағылардың шаңын қағып алған кездері де ел есінде. Әсіресе, қазына қаржысын игере алмаған министрліктерге қатты шүйліккені бар өткен күзде. Бензин бағасы бой бермей кеткенде, Президентке айтып, Бозымбаевқа қатаң сөгіс жариялатқан. Әрі осындай қатаң шараны жақында төтенше жағдайларға жауапты шенділерге қарсы қолданды. Айтпақшы, дәл Сағынтаев Премьер-министр болғалы Үкіметтің отырыстары тек қана қазақ тілінде өтті. Бұл мәселе келер Үкіметке үлгі болса, оны да көз көрер. Алайда, соңғы жылдары шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі 25 пайыздан сәл асқан күйі қалды. Банкротқа ұшырағалы отырған кәсіпорындар саны артты, көлеңкелі экономикамен күрес күшейтуді қажет етеді, әлеуметтік саладағы мәселелерге жедел шешімдер керек. Бұл жаңа Үкіметтің ең бірінші кезекте шешетін мәселесіне айналады деп сенеміз.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу