Елбасы осы аптада Зимбабве президентімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы осы аптада Зимбабве президентімен кездесті

27.01.2019

Таныс та бейтаныс Оңтүстік Африка құрлығында асықтай шашылып, 12 мемлекет жатыр. Көбі сіңірі шығып, кендірі кесілген кедей елдер. Адамдары аш жалаңаш. БҰҰ дерегі бойынша қапырық ескен қара құрлықта тіршілік нәрі ауыз судың жоқтығынан бала-шаға гүлдей солады, жылына 3 миллион кісі қайтыс болады. Тағдырдың тәлкегі бұл емес. Ғасыр дерті спидтен мыңдаған тұрғын көз жұмады.

Осы аптада елімізге сол тауқыметі таудай 12 елдің бірі Зимбабве Республикасының президенті Эммерсон Мнангагва ресми сапармен келді. Қысқасы, ыстыққа күйген Африкадан ызғар сүйген Астанаға алғаш рет ат басын тіреп отыр. Мәртебелі мейман мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті.

Толық аты Эммерсон Дамбудзо Мнангагва бәлкім елдің бағына, әйтеуір биліктің тағына осыдан екі жыл бұрын қараша айында отырды. 76 жаста. Ал, ол басқаратын Зимбабве – Оңтүстік Африка Республикасы, Мозамбик, Ботсвана және Замбия елдерімен шекараласып жатыр. Мұхитқа шығар жолы жоқ.

Азаттық алған 1980 жылға дейін Оңтүстік Родезия деп аталған. Жиһанда бұл ел тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы бойынша соңғы орында. Ерлері орташа есеппен 37, ал, әйелдері 34 жыл жасайды. Дегенмен, туу көрсеткіші өте жоғары. 25 миллион халқы бар мемлекет 4 жылда бір миллион адаммен толығып отыр. Зимбабведе 16 мемлекеттік тіл бар екен. Алайда, басым бөлігі ағылшынша сөйлейді. Сіңірі шыққан кедей демесеңіз, Зимбабве – Африка құрлығындағы ең сауатты елдердің көшін бастап тұр. Халқының 90 пайызы оқу мен жазуды біледі.

Сонымен, Мнангагва мырза ресми Астанаға қандай мақсатпен ат басын бұрды? Елбасымен қандай әңгіме құрды?

Дулат ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу