Жаңа жылға санаулы күн қалғанда, күтпеген жерден Үкіметте аз-кем ауыс-түйіс болды. Әшейінде саясатты сары қымызша сапыратын сарапшылардың өздері аңдамай қалды. Сәрсенбі күні Бейбіт Атамқұлов Президенттің Жарлығымен Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Ал, осы орынтақта отырған екі жыл ішінде қазақилығымен, қарапайымдылығымен елдің сүйкіміне ие болып, өзін кәсіби тұрғыда дәлелдеген Қайрат Әбдірахманов жақында басқа лауазымның тізгінін ұстауы мүмкін. Бір қызығы, Қайрат Құдайбергенұлы Сыртқы істер министрі қызметіне тура екі жыл бұрын, дәл осы желтоқсан айының 28-де Ерлан Ыдырысовтың орнына келген еді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, жаңа Сыртқы істер министі Бейбіт Атамқұловты ұжымға Президент әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев таныстырды. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың салмақты салаға жүктеп отырған негізгі міндеттері жайлы айтты. Бұл тұрғыда елімізге шетелдік технология мен инвестицияны көптеп тарту керек, экспорттың көлемін арттыру жұмысына баса мән беру қажет. Айтпақшы, бұған дейін Жеңіс Қасымбектің министрліктің еншісінде болған Инвестициялар комитеті мен «Қазақинвест» ұлттық компаниясы Сыртқы істер министрлігінің қарамағына өтті.
Бейбіт Атамқұловтың бұған дейін атқарып келген Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымы Асқар Жұмағалиевтің мойнына жүктелді. Асқар Қуанышұлының бұл саланы ұршықша иіретініне сенім мол, оң жамбасына келетін қызмет. Ол Үкімет басшысының орынбасары қызметін қоса атқара бермек. Сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрлігінің атауы өзгертілді. Аталған ведомство Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып қайта құрылды. Жаңа министрлікті Жеңіс Қасымбек басқара береді. Жалпы, жаңа жыл алдында болған аз-кем ауыс-түйіс осындай.
Шынар АСАНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.