Биыл Парламент депутаттары ел дамуына серпін берер 80 заң қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Парламент депутаттары ел дамуына серпін берер 80 заң қабылдады

30.12.2018

Елдегі елеулі оқиғалардан ең басты заң шығарушы орган - Парламент жұмысын ескерусіз қалдыруға болмас. Президенттің саясатын, сан түрлі жоспарын сараптап, салмақтайтын, Үкіметтің орынды ісін жебеп, орынсызын тежеп отыратын Парламент ит жылы аз тер төккен жоқ. Заң шығарумен ғана емес, заман талабын, қоғам қалауын Сенат пен Мәжіліс депутаттары дер кезінде әр деңгейде көтерді. Мәселен, сенаторлар қоғамда қордаланған мәселелер бойынша Үкіметке 100-ден аса депутаттық сауал жолдаған. Олардың қатарында көмір бағасының негізсіз қымбаттауы, қиырдан келген қандастарға азаматтық берудің түйткілдері, зейнетақы салымдары мен ұлттық валютадағы депозиттерді қорғау сияқты мәселелер бар. Депутаттар проблемаларды бұрынғыдай емес, ашық талқылап, тіпті Үкіметтің бетін қызартқан жағдайлар да болды. Сенат төрағасы Тоқаевтың «Үкімет жұмысын ширату керек» деген мәлімдемесі де есімізде. Бүкпесіз ой, бұғаусыз пікір айтылған алаңда кейбір құжаттар қолдау таппай, Сенаттан Мәжіліске кері қайтарылған жайттар да кездесті. Жалпы, биыл Парламент 80 заң қабылдаған.

Индира Бегайдар

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу