Қайыршылық та табыс көзіне айналғалы қай заман? Сенесіз бе, сенбейсіз бе, еркіңіз, бірақ, еліміздегі кейбір қайыршылар айына 900 мың теңгеге дейін табады екен. Көпке топырақ шашпаймыз. Бірақ, еститін саңырау, сөйлейтін мылқау, жүретін мүгедек тіленшілер көбейген. Бауыр еті баласын алдына салып, алақан жаятындарың да қағанағы қарқ, сағанағы сарқ екен.
Абайдың өзі: «Есірген еріншектіктен өткен кесепатты кесел жоқ», деп еді ғой. Қоғамда ши басын сындырмай жеңіл ақша тауып, оңай олжаға кенелгісі келетіндердің қатары әлі көбеймесе, азаймай тұр. Әсіресе, он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін азаматтардың қол жайғанын көргенде, іштей қынжыласың. Ал, жаңағы Абай айтқан есірген еріншектердің кесірінен, көмекке шын мұқтаж, жәрдемге шын зәру жандар қайырымдылықтан қағылып жатқанға ұқсайды.
Олармен күресу үшін кешенді шаралар жүргізілді, аяқсыз қалды. Заң қабылданды, нәтиже жоқ. Осы аптада депутат Шәкір Хахазов Үкімет басшысының атына сауал жолдап, тіленшілерге емес, тіленшілерге тиын-тебен беретіндерге айыппұл салу туралы ұсыныс жасады. Біртүрлі ұсыныс. Садақаны асып-тасығаннан емес, сауап үшін беретін қазақтай халық бұл ұсынысты қалай қабылдайды? Мысалы, Литва астанасы Вильнюста жергілікті билік тілемсектерге тиын тастайтындардың басынан сипамайды. Тыйым салынған. Тыйымға түкіргендер айыппұл арқалайды. Сондықтан, киім-кешек, азық-түлік я ақшасын жомарт жандар арнайы орындарға барып, қорға өткізеді. Оны атқамінерлер қылдай бөліп, жағдайы қоңыртөбел адамдарға апарып береді екен.
Қазақстандағы қайыршылардың 80 пайызы шетелдіктер деген дерек бар. Сондықтан, депутаттар «миграциялық жұмыстарды күшейту керек» деп отыр.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.