Индустрияландыру бағдарламасы ел экономикасын шикізат тәуелділігінен арылтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Индустрияландыру бағдарламасы ел экономикасын шикізат тәуелділігінен арылтты

16.12.2018

Осы аптаның басты экономикалық жаңалығы – Президенттің қатысуымен өткен дәстүрлі телекөпір. Негізі, жиһанда болып жатқан кез келген дағдарыстың салқыны - дамыған, дамушы, кедей елдерге өз әсерін тигізбей қоймайды. Қазір әр ел, әр қауым өзінше ерекше экономикалық кезеңнен ентікпей өтудің жолын іздеп жатыр. Қазақстандық жол – инновация мен индустрия. Осыдан 4 жыл бұрын индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы басталып еді. Оның аясында жүзеге асқан жобалар жетеді. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдалана алмай, түрлі себеппен тұралап қалғандары тағы бар. Жабылып қайта ашылғандары да жоқ емес. Ал, апта басында Индустрияландырудың осы екінші бесжылдығының төртінші жылы түйінделді. Атқамінерлердің айтуынша, индустрияландыру бағдарламасы Қазақ экономикасын шикізатқа деген тәуелділіктен алыстатты. Жаңа технологияға жол бастап, өндіріс орындары көбейді. Бастысы, жаңадан ашылған мыңдаған жұмыс орындары пайда болды. Биыл да ел экономикасына тың серпін беретін 28 кәсіпорын іске қосылды. Ал, жалпы 2018 жылы жүзеге асқан жобалардың жалпы құны 1,2 триллион теңге. Президенттің қатысуымен өткен телекөпір заманауи инфрақұрылым, цифрлық қызметтер, шикізат өндірісі сияқты түрлі саланың жаңа бағыттарын қамтыды. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру деңгейінің артуына септігін тигізбек.

Дулат ЖЕКСЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу