Мемлекет басшысы Төтенше және Өкілетті елшілерден Сенім грамотасын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Төтенше және Өкілетті елшілерден Сенім грамотасын қабылдады

16.12.2018

Сәрсенбі күні Мемлекет басшысы еліміздегі жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті елшілерден Сенім грамотасын қабылдады. Ақордаға бес бірдей елдің елшісі келді. Қырғызстан, Ауғанстан, Литва, Иран және Армения Республикаларының атынан іске кіріскен олар мемлекетаралық байланысты одан әрі тереңдетуге ниетті. Бесеуі де өз отандарының Қазақстанмен арадағы алыс-берісін арттыруға құлшынып отыр. Тіпті, араларында біздің тілді меңгеріп алып, лебізін қазақ тілінде жолдағандары да болды. Президент олардың өз миссиясын мүлтіксіз орындайтынына сенім білдірді.

Бес елдің әлеуеті әрқилы болғанымен, оларды Қазақстанмен байланыстыратын себеп көп. Мәселен, Қырғыз Республикасы Орталық Азиядағы маңызды әріптес қана емес, тарихи тамыры тереңге жайылған тату көрші, бауырлас мемлекет. Сондықтан, Президент достық пен өзара сенімге негізделген стратегиялық әріптестіктің өміршең боларына сенім білдірді. Ал, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға, оны әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға еліміз әлі де атсалысады. Кабулға көрсетілетін қаржылай көмек, техникалық, гуманитарлық қолдау жалғасады. Ресми Тегеранмен де тиімді ынтымақтастықты, оның ішінде көлік пен транзит, ауыл шаруашылығы, металлургия саласындағы серіктестікті жандандыруға мүдделіміз. Ал, Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымының 68 процентке өскені қуантады. Литвамен арадағы алыс-беріс те жыл санап жанданып келеді.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу