Әскер шекара шебін лайықты күзетпесе, атқарылған істің бәрі бекер - Н.Назарбаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскер шекара шебін лайықты күзетпесе, атқарылған істің бәрі бекер - Н.Назарбаев

02.12.2018

«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деп жатамыз. Білімділермен ғана емес, Елбасы осы апта білекті де жүректі ұландармен жүздесті. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының мүшелерімен болған жұмадағы жүздесуде жастардың жігерін жанитын жалынды әңгімелер айтты. «Егер елдің әскері Тәуелсіздікті қорғай алмаса, шекараның шебін лайықты күзетпесе, онда істеген шаруаның барлығы бекер», - деді Елбасы. Әскери адам үшін, Ту барлық уақытта батырлықтың, отансүйгіштіктің белгісі. Сондықтан, Туды жықпай, жоғары ұстау қай-қайсының да азаматтық міндеті екенін ерекше ескертті. Елбасы еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп жатқан әскери-патриоттық клубтардың жұмысы жайына да қанықты. Кездесу соңында президентке «Жас сарбаздың» Құрметті төрағасы төсбелгісі мен арнайы киімі табысталды.

Сондай-ақ, Президент Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен дайындалған Қазақстан армиясының құрылуы жайлы картинаны және «Орбұлақ шайқасы» драмасын тамашалады. Сондай-ақ, Кенесары ханның қылышы, Бөгенбай батырдың айбалтасы қойылған арнайы көрмені аралады. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде 2800-дей әскери патириоттық клуб болса, оған 73 мың бала мүше екен. Бәрі шетінен әскери қызметкер болғысы келеді. Мұны Президенттің алдында сөзбен емес, іспен көрсеткендері де болды.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу