Арқалық қаласының бүгінгі жай-күйі қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқалық қаласының бүгінгі жай-күйі қандай?

25.11.2018

Қазақ жерінің қазба байлығы игеріле бастағанда, кен өндірілген өңірлерден көптеген шағын шаһарлар бой көтерді. Қалыптасқан экономикалық жүйе бұзылып, ел нарыққа көшкенде бұл қалалардан құт қашты. Соның бірі – Қостанай облысындағы Арқалық қаласы. Арқалықтың ең күйреген кезі – 90-шы жылдар. Бұған алдымен осы шаһар орталық болған Торғай облысының жабылуы әсер етті. Ел көшті, соның кесірінен тұтас шағынаудандар қаңырап қалды. Инфрақұрылымға орны толмастай залал келді. Алайда, кейін Арқалық ықшамдалып, қалған тұрғындар орталыққа шоғырланып, жағдай тұрақтанды. Мемлекеттен бөлінетін қаржының да көлемі көбейіп, қала қайта түлей бастады. Арқалық-Шұбаркөл теміржолының салынуы да тұрмыстың түзелуіне айтарлықтай ықпал етті. Дегенмен, соңғы кезде Арқалықтың тағдыры тағы да талқылана бастады. Алып-қашпа әңгіме желдей есті. Себеп – қаланың іргесі қалануына сеп болған, һәм қазіргі тірлігіне өзек болған боксит кенінің сарқылуы. Мамандар оның қалған қоры енді 2 жылға ғана жетеді деп болжайды. Алайда, сарапшылардың бір парасы бокситсіз де болашақ бар деп сендіреді. Олардың айтуынша, Арқалық - әлі де Қостанай облысының оңтүстік аудандарының бейресми орталығы. Соның арқасында тек өнеркәсіпке байланбай, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қоса дамытып отыр.  Тобыл-Торғай өңіріндегі тілшіміз Дәуренбек Әбдібек арқадағы арда қаланың бүгінін бағамдап, бүтіні мен түтінін салыстырды. 

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу