Тарихи тұлғалар туралы танымдық фильмдер түсіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарихи тұлғалар туралы танымдық фильмдер түсіріледі

25.11.2018

Тамырсыз тал болмайтыны, тарихсыз ел болмайтыны белгілі. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы көне тарихты сөйлетіп, бабалар жүрген ұлы жолды ұлықтап, қазақ деген ұлттың басар қадамын бағдарлауға мүмкіндік береді. Ал, өткенді ескермей, болашақты болжау мүмкін бе? Мүмкін емес. Ұшса қыран қанаты талып, шапса тұлпар тұяғы мүжілетін кең дала мен оның кемеңгер халқының ұлылығы бұл мақалада айқын көрініс тапқан. Президент еліміздің түркі әлеміндегі ойып алар орнын көрсетті. Мақалада айтылған ауқымды дүниелерді енді жүзеге асыру міндеті тұр. Бұл сала мамандарынан жанкешті еңбек пен жауапкершілікті, сапалы жұмыс пен табандылықты талап етеді. Бұйырым болса, тарихи тұлғалар туралы танымдық фильмдер түсіріліп, ежелгі мәдениетіміздің ерекшелігін көрсетер музейлер ашылмақ. Ал, тарихтағы орны айрықша көне Отырар қаласы қалпына келтіріліп, туристер ағылар ордалы ошаққа айналады. Түркі дүниесінің қара шаңырағында түркілер өркениеті жобасы қолға алынады. Тарихымыз тек деректер тізбегі күйінде қалмай, қалың жұрт қанық болу үшін фильмдер өндірісі де қолға алынбақ. Президенттің тағы бір ұсынысы - ертегілер, аңыз-әфсаналар, қиссалар мен эпостардың басын құрап, дала фольклорының антологиясын жасау керек. Құптарлық іс. Оған қоса, дәстүрлі музыкалық аспаптардың «Ұлы даланың көне сарындары» жинағы жарық көрмек.

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу