Былтыр ТМД елдері арасындағы сауда айналымы 25 пайызға өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Былтыр ТМД елдері арасындағы сауда айналымы 25 пайызға өскен

04.11.2018

Ежелден еркін араласып, қоңсы жатқан Қазақстан мен Ресейдің сауда айналымы былтырмен салыстырғанда 3,1 пайызға өсіп отыр. Алыс-беріс пен барыс-келіске тұсау болған әкімшілік кедергілер азайған. Тиісінше, экономикалық байланыстар бекемделе түскен. Бұл көрсеткіштер Мемлекет басшысы мен Ресей Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведевтің кездесуінде айтылды. Ақордада өткен қабылдауда тараптар көршілес елдердің сан саладағы байланыстарын айшықтап, алдағы жоспарларды пысықтады. Сондай-ақ, Еуразиялық Экономикалық Одақ, ТМД сияқты ұйымдардың маңыздылығына тоқталды.

Елбасы сондай-ақ, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің үкімет басшыларымен де кездесті. Президент ұйым аясындағы экономикалық кооперацияны кеңейтудің маңыздылығына тоқталды. ТМД елдері көрсететін қызметтердің еркін саудасы туралы келісімді жүзеге асырудың қажеттілігін айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Душанбедегі Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында жария етілген жаңа ұсыныстарды еске салды.

Әсіресе, ТМД аясында сауда кедергілерін жою, көлік-логистика және туризм салаларындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға ден қойылды. Былтыр Достастық елдері арасындағы сауда айналымы 164 млрд. долларға жетіп, 25 пайызға өскен. Мұндай үрдіс биыл да жалғасын тауып жатыр.

 

Айбек ҚОБДАБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу