Бір әмірші Әбу Насыр әл-Фарабиден: «Менің мемлекетімнің ертеңі туралы не айтар едің?» – деп сұрапты. Сонда әл-Фараби: «Сен маған алдымен жастарыңды көрсет, сонда мемлекетіңнің болашағын барлау қиынға соқпайды», – деген екен. Демек, Елбасының келер жылды «Жастар» жылы деп жариялауында асыл мұрат жатыр. Өйткені, болашақтың қожасы - жастар.
Биылғы Жолдауда атқамінер, әкім-қараларға аса зор жауапкершілік жүктелді. Әсіресе, аймақ басшыларына Президент қатаң ескерту жасады. «Келер жылы қызметтеріңді жалғастырып, жалғастырмайтындарыңды жыл соңына дейін жасаған жұмыстарыңның нәтижесі көрсетеді»,-деп кесіп айтты.
Бұл Жолдауда биліктің биік бұтағында отырғандардың олқылықтары қатты сыналды. Мемлекет басшысы Жолдау барысында ұзын арқан, кең тұсауға салынған ақжағалыларды бір сілкіп алды. Біразының аяғын бір етікке тықты, біраз министрдің басы салбырап, біраз әкім көзімен жер шұқыды.
Мәселен, Ұлттық банк пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жұмысы үйлеспей келген. Банкке бизнесті қолдау үшін қаржыландыру тапсырмасы беріледі. Алайда, алған ақшаны қайтара алатын кәсіпорындар мен шағын және орта кәсіпкерлердің нақты тізімі берілмейді. Аймақтарда да дәл солай, «бизнесті дамытамыз» деп ақша сұрайды, бірақ, мұқтаж кәсіпорындардың төлем қабілеті туралы не дерек, не дәйек жоқ. Сосын қазынаның әрбір тиынына жауапты банкті жазғырады. Сондықтан, Президент Үкіметке Ұлттық банк пен «Атамекен» палатасымен бірлесе отырып тізім түзуді тапсырды.
Соңғы жылдары құрылыс саласы жандана бастады. Оған «Нұрлы жер» бағдарламасы тың серпін берді. Жекелеген азаматтар осы бағдарлама арқылы өз баспаналарын салуда. Алайда, баспана мәселесін толық шешу үшін мемлекет «7-20-25» бағдарламасын қолға алған болатын. Мақсат - тұрғын-үй ипотекасына қолжетімділікті арттыру. Әлеуметтік бағдарлама бойынша, баспана алушы бар-жоғы 7 пайыз несие төлейді, қалғанын мемлекет өз мойынына алып отыр. Бұрын алғашқы жарна елу пайыз, болса қазір 20 пайыз. Несиені қайтару мерзімі 10 жылдан 25 жылға ұзартылды. Соған қарамастан бағдарламаның бір қайнауы кем бе, өтініш бергендердің саны аз.
Ел үшін ерекше бағдарламаны дұрыс жүзеге асыра алмай жатқаны үшін Үкімет мүшелері Елбасынан сөз естіді.
Шыны керек, қазір полиция десе жылап жатқан баланың өзі сап тиылатын күнге жеттік. Сондықтан, азаматтардың санасында полицейлер жазалушы емес, керісінше қиын жағдайда көмектесуші ұғымы орнауы керек. Қазақстан сақшыларын үлгі алсын деп біраз дамыған елдерге жіберген болатын. Бірақ, нәтижеге көңіл толмайды. Елбасы бұл ретте өзге елдердің полицейлерінің пара алмайтынын, көшеде тұрмайтынын, тек көлікпен жүретінін, саны аз болса да қызметі сапалы екенін мысал етті.
Сондықтан, Ішкі істер министрлігінің штаттық саны оңтайландырылады. Полиция өзіне тиесілі емес қызметтерден арылады. Саладағы оннан астам оқу орнының бесеуі ғана қалуы тиіс. Ал үнемделген қаржы полицейлердің жалақысын көтеріп, әлеуметтік мәселелерін шешу үшін жұмсалуы керек. Барлығы қызметкерлер қайта аттестациядан өткізіліп, полиция жұмысын сервистік модельге көшіру қажет. Президент «халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың өлшемдерін түгелдей өзгерткен жөн», -деді. Осы орайда тиісті органдарға Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын келесі жылы іске асыруды тапсырды.
Жалпы биылғы Жолдауда Нұрсұлтан Назарбаев атқарушы билік өкілдері мен құқық қорғау саласы басшыларын сын садағына іле отырып, сындарлы саясатты жалғастырудың нақты бағыттарын белгілеп берді.
Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.