Астанада Еуразиялық әдеби форум жоғары деңгейде өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Еуразиялық әдеби форум жоғары деңгейде өтті

23.09.2018

Осы апта бас қала тағы бір үлкен рухани шараға куә болды. «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форум жоғары деңгейде өтті. Елуден астам елден келген жүздеген қаламгерлер екі күні бойы әдебиет саласындағы мәселелерді талқыға салды. Мұндай қос құрлықтың қалам ұстаған қауымын біріктірген ауқымды шараны 1973 жылы Жазушылар одағы ұйымдастырыпты. Бұл сол Азия және Африка жазушыларының V конференциясынан кейін араға 45 жыл салып барып өтіп жатқан іргелі жиын. Жазушылар одағы мен Мәдениет және спорт министрлігі ұйытқы болған форум Тәуелсіз қазақ әдебиетін әлемге танытудың да ерекше жолы.

Басқосудың бірінші күні «Адамзат. Шексіздік. Мәңгілік» тақырыбында үш бөлімнен тұратын пленарлық отырыс өтті. Сан түрлі елден келген қаламгерлер бүгінгі әдебиеттің жай-күйін ортаға салып, проблемалары мен беталысы туралы терең баяндамалар жасады.

Келесі күні жаңа заман поэзиясы, прозасы мен драматургиясы және аударма ісінің ахуалы жеке-жеке секцияларда талқыланды. Барлық елдегі әдебиет саласы түйткілдері ұқсас. Олар: кітап оқу дәстүрінің бұзылуы, бүгінгі оқырманның талабы мен уақытына сай дүние жазу, салада жүріп жатқан трансформациялар. Ал қазақ жазушылары тек жетістіктерін ғана айтып қоймай, проблемаларын да ортаға салды. 

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу