Бүгін тұтас Қазақ елі таң алагеуімде оянып, тақым қысқан еді. Үнемі Геннадий дегенде әр жексенбі сіздерге экран арқылы сүйіншімді жеткізетін едім. Бүгін бәрі басқаша. Айтудың өзі қиын болса да, Геннадий Головкин бүгін мексикалық Сауль Альварестен төрешілердің шешімі бойынша ұтылып қалды. Мұхиттың арғы жағында өткен жекпе-жекті еліміз тікелей эфирде көрді. Соңына дейін сенді. Бірақ, үмітімізді үптеп кеткендей. Жекпе-жектен кейін тараптар мәлімдемелер жасап, сарапшылар пікірлерін білдіріп жатыр. Мәселен, бокстан бұрынғы Әлем чемпионы америкалық Деметриус Андраде «Канело жеңіске жететіндей ештеңе жасаған жоқ. Жанкүйер қалай қарсылық білдірсе де жарасады» деді. Ал, 1968 жылғы Мехико Олимпиадасының чемпионы, кәсіпқой бокстан Әлем чемпионы болған америкалық Джордж Форман «Twitter» парақшасында Альваресті құттықтап, «Панчердің боксын көрсетті. Канелодан мұндай бокс күтпедім. Екі ұлы боксшы арасындағы үшінші жекпе-жекті көргіміз келеді», деді. Әлбетте, бұл басқа адамдардың ойы. Алайда, кездесуден кейін Геннадий былай депті: «Мен боксшымын, мен спортшымын, мен өз жұмысымды әрі қарай жалғастыра бермекпін. Әрине, біз үшінші айқас өткізгіміз келеді, бұл туралы әлі сөйлесеміз. Тағы айқас өткізсек, керемет болушы еді» деген екен. Альварес те Головкинмен тағы бір жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, мексикалық боксшы екінші жекпе-жекте таза жеңіске жеткенін және әзірше содан ләззат алғысы келетінін жеткізді.
Демек, үшінші жекпе-жектің ұйымдастырылуы да ғажап емес. Екі боксшы бұл жекпе-жек үшін бес миллион доллардан пайда көрді. Бұдан бөлек, телетрансляциядан түскен қаржыдан да алады. Бұл қаржының 55 пайызын Альварес, 45 пайызын Головкин иеленеді. WBC есебі бойынша, телетрансляциядан Головкин шамамен 20 миллион, Альварес 30 миллион доллар пайда табуы тиіс.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ