Алматы қаласының экономикалық-әлеуметтік дамуы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы бақылауында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласының экономикалық-әлеуметтік дамуы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы бақылауында

09.09.2018

Елбасы сейсенбіде Алматыға барды. Биігін ақ қар көмкеріп, алақанаттанып жатқан тау етегіндегі еңселі де ерен қаланың экономикалық-әлеуметтік дамуы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы бақылауында. Президент келген бойда шаһардың бас жоспарымен танысты.

Шыны керек, келімді-кетімділерімен қосқанда 2 миллионға жуық тұрғыны бар үлкен қала екі иінінен демалып тұр. Екі мәселе алаңдатады. Көгін түтін торлаған экологиясы және қаланы қажытып болған көлік кептелісі. Одан бөлек, ай санап, жыл санап өскен тұрғындар саны да қала билігін алаңдатып отыр. Сондықтан, Елбасы аудандарды көркейтуге күш салу керектігін қадап айтты. Жалпы, мың жасаған шаһардың шырайына, сұлулыға сөз жоқ. Тегістелген жолдар мен абаттандырылған жаяу жүргіншілер мен веложолақтар бүгінде адам танымастай өзгерген.

Тау етегіндегі қаланың түйінді мәселелерінің бірі - лай көшкіні мен сел екені белгілі. Осы орайда, таулардың беткейлерін нығайтатын, арналар мен бөгеттерді қалпына келтіретін өнімдер шығаратын жаңа технологиялы жапон-қазақ бірлескен зауыты Елбасы тарапынан жоғары бағаланды.

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу