Қазақта «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дейтін нақыл бар. Осы түбірі бір төртеудің түгел болуын, алтаудың алауыздыққа бармауын ежелгі Түрік қағанатын құрған ер Бумыннан бастап, Естеми қаған, Тоныкөк, Күлтегіндердің аңсап өткені белгілі. Кеңес Одағының тұсында түркі жұртының аралас-құралас өміріне аздап сызаттың түскені де анық. Дегенмен, солақай саясат тілі, діні, ділі бір халықтардың бір-біріне деген бауырмалдығын жоя алмады. Азаттық алып, өз қолы өз аузына жеткен бойда, тамыры, тағдыры ортақ түркі ағайындар бір-бірін іздей бастады. «Түбі бір түркі, түгел бол» деген ұранның астына бірікті.
Туыс елдерді топтастыратын «Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақ кеңесін» құру туралы шешім де осы кезде қабылданған. 2009 жылдың қазанында Әзірбайжанның Нахчыван қаласында Қазақ Президентінің бастамасымен құрылған бұл ұйым түркі тарихындағы терезесі тең түрде құрылған тұңғыш ұйым. Мақсаты - ағайын арасында алыс-берісті жандандырып, мәдени, гуманитарлық байланысты бәсеңдетпеу, қарға тамырлы елдердің қарым-қатынасын дұрыс жолға қою.
Осы аптаның дүйсенбісінде ұйымға мүше мемлекеттің басшылары Ыстықкөл жағалауында бас қосып, кеңестің алтыншы саммитін абыроймен өткерді. Биылғы жиынға, ұйымға мүше Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан президенттерінен бөлек, Өзбекстан және Венгрияның өкілдері де қатысты. Бұл болашақта кеңестің құрамы кеңейеді дегенді аңғартса керек. Саммиттің қорытындысы бойынша тараптар бірқатар құжаттарға қол қойды. Сондай-ақ, Шолпан-Ата декларациясын қабылдады.
Шынар АСАНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.