Осы аптада Н.Назарбаев Астанадағы жасыл белдеуді дамыту барысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Н.Назарбаев Астанадағы жасыл белдеуді дамыту барысымен танысты

02.07.2018

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халықпыз. Дәл біз секілді қолдан орман жасап, тұтас қаланы жасыл белдеуге ораған жұрт жаһанда сирек шығар. Осыдан біраз жыл бұрын Президенттің бастамасымен Астананы айналдыра ағаш отырғызыла бастады. Қысы қытымыр, климаты құбылмалы Арқа жері шыбық шаншысаң нуға айналып шыға келер мекеннің қатарынан емес. Тақырға тал отырғызу үшін аз тер төгілмеді.  

Есесіне, қазір елорданың құрылысымен бірге жасыл алқап та жайнап келеді. Қарайған қалың ағаштың қолдан отырғызылғанын кәсіби орманшы болмаса, былайғы көз байқай бермейді. Осыдан 20 жыл бұрын бойы бір қарыс кезінде отырғызылған өскіндер қазір алып бәйтерекке айналған. Қазақ тек қала емес, қалың орман да сала алатынын дәлелдеді.

Осы аптада Президент Нұрсұлтан Назарбаев жылдағы дәстүр бойынша Астана маңындағы орманды алқапты аралап, жасыл белдеуді дамыту барысымен танысты. 83 мың гектардай аумақта қазір 10 миллион түптен артық ағаш бар. Сыңсыған орманның іші елік, марал, түлкі, қоян, қырғауыл секілді аң-құсқа толы.

Елорданы табиғаттың тосын мінезінен қорғап тұрған осы қалың бақ. Белдеудің аумағы ұлғайған сайын микроклимат та өзгеріп келеді. Жасыл аймақты аралап шыққан бас бағбан тағы да жас көшеттер отырғызып, қырғауылдарды ұшыру шарасына қатысты.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу