Елордада 20 жылда 20 млн. шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, жаңадан 4 аудан құрылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада 20 жылда 20 млн. шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, жаңадан 4 аудан құрылған

02.07.2018

Ұлттық домбыра күнінен бастау алған апта ертеңнен бастап Алаштың айбынына айналған елорданың 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мемлекет басының бірегей туындысы саналатын бас шаһар сөз жоқ, күн санап көркейіп келеді. ЮНЕСКО-ның шешімімен «Әлем қаласы» атағын алған қаланың тұрғындары бір миллионнан асты. Елорда дәулетіне сәулеті сай бой түзеп, түледі. 20 жылда төбесі көк тіреген әсем ғимараттар мен жүздеген тұрғын үйлер салынды. Ондаған білім ошақтары мен Назарбаев Университеті секілді теңдессіз альма-матер есігін айқара ашты. Елордада халықаралық талаптарға сай медициналық кластер қалыптасты.

Астана арнайы экономикалық аймағы құрылды. Әрі 20 жылда мәдениет пен руханияттың қайнар көзіне айналды. Қысқасы 20 жылда Астанада 20 млн. шаршы метр тұрғын үй, 53 жаңа мектеп, 26 аурухана салынып, жаңадан 4 аудан құрылды. 20 жылда елордаға 8 триллион теңге инвестиция тартылып, қаланың дамуынан мемлекет қазынасына 6,3 триллион теңге пайда түсті. Осылайша, елорда ел дамуының негізгі тірегіне айналды.

Астананың өзі ғана емес, айналасы да адам танымас ажарға енген. Ақмоланың ақтүтек бораны мен аңызғақ желі қала көркін мүжімей, шаһардағы ауа таза болу үшін Елбасының бастамасымен елорданың айналасы аз жылда жасыл желек орманға айналды.

Қазір қаланың батысынан бастау алған орман алқабы Бурабайға жетті, ал, шығыс шеті Аршалыдан асып кетті. Қазір орман алқабы 100 мың гектарға жетіп қалды. Жасыл белдеу жыл сайын жайқалып, жайнап, жайылып келеді. Міне, осы орманды алқапты жыл сайын Елбасы Астана күні қарсаңында арнайы барып, аралайды. Ал, ондағы көркейген көшеттер мен көбейген аң-құс көңіл семіртеді.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу