Елбасы Жарлығымен Түркістан облысына жаңа әкім тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Жарлығымен Түркістан облысына жаңа әкім тағайындалды

24.06.2018

Елбасы Жарлығымен Түркістан облысына жаңа әкім тағайындалды. Ол - осыған дейін Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған Жансейіт Түймебаев. Кезектен тыс сессияда облыс мәслихатының депутаттары тағайындауға байланысты Президент ұсынысына бірауыздан мақұл деп, дауыс берді. Түймебаев кезінде еліміздің Білім және ғылым министрі, Қазақстанның Ресейдегі елшісі, сондай-ақ, Қазақстанның Түркиядағы елшісі сияқты лауазымды қызметтерді атқарды. Облыс жұртшылығына жаңа басшыны таныстырған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Түркістанды дамытуға байланысты үкіметтік комиссия құрылғанын мәлімдеді. Жұмыс тобына Үкімет басшысының орынбасары Асқар Мамин жетекшілік етеді. Ал, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев комиссия төрағасының орынбасары болып бекітілді. Сондай-ақ, Елбасы ұсынысымен және жергілікті мәслихат депутаттарының келісімімен республикалық маңызға ие Шымкент қаласының әкімі қызметіне Ғабидолла Әбдірахымов тағайындалды. Әбдіраxымовты мегаполиске қайта оралды десек те болады.  Өйткені, ол 2015-2017 жылдары Шымкент қаласы әкімі қызметін атқарып, кейін «Нұр Отан» партиясының xатшысы қызметіне ауысқан еді. Ал, апта соңына қарай, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев алғашқы кадрлық тағайындауларын жасап үлгерді. Өзінің бірінші орынбасары Әліпбек Өсербаев Түркістан қаласының әкімі қызметіне келді. Негізі, Өсербаевқа Түркістан бөтен емес, ол шаһарға осымен үшінші мәрте әкім болып келіп отыр. Сірә, бір аймаққа қатарынан үш рет әкім болған шенеунікті кездестіру қиын. Әліпбек Өсербаевты әкімдердің рекордын жаңартты десек те болады.

Хабарламаларға жазылу