«АЛЖИР» лагерінде «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері» деген жаламен 18 мыңдай әйел жазасын өтеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«АЛЖИР» лагерінде «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері» деген жаламен 18 мыңдай әйел жазасын өтеген

03.06.2018

Бұл – адам аяғы баспайтын сеңгір таулардың басында өсетін қарғалдақ деген өсімдік. Мұның қызғалдақ пен сарғалдақтан айырмашылығы сол, ақ қарда қауыз жарады. Қақаған суықта гүл ашады.  Астана іргесіндегі Ақмол ауылында орналасқан «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының «АЛЖИР» мұражайына барғандарыңыз болса, білесіздер. Кіреберісте осы «Қарғалдақ» композициясы бейнеленген.  Өйткені, зұлмат жылдары тағдырдың соққысынан тайсалмаған әйелдердің тағдыры табиғаттың қаталдығынан қаймықпайтын осы қарғалдақтың тағдырына ұқсас.

Осы аптада мұқым ел саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, боздақтардың рухына дұға бағыштады. Мемлекет басшысы халыққа арнап үндеу жолдады. «ХХ ғасырдағы қасіретті оқиғалардың түп-тамыры мен себептерін терең зерделеуіміз қажет», -  деді. Нәубет жылдары халқымыз әлем тарихында сирек болатын алапат демографиялық шығынға ұшырады. Қазақтың жартысынан көбі қырылды. 2 миллионы аштан өлді. 1 миллионы жан сауғалап қашып кетті.  1921 жылдан 1953 жылға дейін 103 мың адам сотталып, 25 мыңы ату жазасына кесіліпті.

Қазақ жерінде бой көтерген лагерлерде миллионнан астам адам тұтқында болды. «АЛЖИР» лагерінің өзінде  «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері» деген жаламен 18 мыңдай әйел жазасын өтеді.

Осы «АЛЖИР» жайлы сол сұрапыл жылдардың куәгерлері арқылы бүгінге жеткен аңызға бергісіз әңгіме бар. Жер аударылып келген бейбақтардың жанын аман сақтап қалу үшін жергілікті тұрғындар өз ауыздарынан жырып, айран, сүт, қаймақ, құртын беріп отырады екен. Өздері тойып тамақ ішпей түлкіқұрсақ жүрсе де, өзгенің қамын ойлаған сол жандар кімдер еді? Тарихтың тірі куәгерлерін Шынар Асанқызы іздеп тапты.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу