Елбасы «KADEX-2018» көрмесі аясында бірқатар кездесулер өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы «KADEX-2018» көрмесі аясында бірқатар кездесулер өткізді

27.05.2018

Сәрсенбіден бері Астанада қару-жарақ пен әскери техниканың саудасы қызды. Бас қалада «KADEX-2018» көрмесі өтті. Осы шараға арнайы келіп, Ақордаға кіріп шыққан әскери тұлғалардың кездесуін шолып өтелік. Сонымен, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары және Қорғаныс ведомстволарының басшылары Елбасымен кездесті. Негізгі сүбелі бағыт - әскери саладағы көпжақты ынтымақты дамыту, халықаралық терроризмге, есірткі айналымына және заңсыз көші-қонмен бірігіп күресу. Бұдан бөлек, қазір әлемде күрделі әскери-саяси ахуал жаһан жұртын алаңдатып отыр. Әсіресе, халықаралық террористік ұйымдардың белсенділігі артып,  ақпараттық кеңістікке қауіп-қатер төніп тұр. Президент сондықтан әскери-техникалық ынтымақ саласындағы практикалық шараларға ерекше көңіл бөлуге шақырды. Ол үшін осы «KADEX-2018» көрмесінің мүмкіндіктерін пайдаланған ләзім.

Президент Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгумен де кездесті. Тараптар қорғаныс саласындағы ынтымақты талқылады. Сосын «KADEX-2018» халықаралық көрмесінің мән-маңызына тоқталып, екі елдің қорғаныс өнеркәсібі саласындағы мемлекетаралық байланыстарын нығайту үшін бұл шараның тиімділігін атап өтті.

Хабарламаларға жазылу