Елордада «KADEX-2018» көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «KADEX-2018» көрмесі өтті

27.05.2018

Сәрсенбінің сәтті күні Астанада әскери көрме шартараптан келген қонақтарға есігін айқара ашты. Шараға Мемлекет басшысының өзі қатысып, көрменің әлеуеті жыл сайын артып, әлемдік деңгейге көтеріліп келе жатқанын тілге тиек етті. Халықаралық көрме осымен бесінші рет өтіп отыр. 4 күнге созылды. Түркия, Иордания, Әзірбайжан, Израиль, Италия, Ресей, Беларусь, Армения сынды 30-ға жуық елдің өкілдері қатысты. Президенттің құттықтау сөзінен кейін «KADEX»-тің туы көтерілді. Көрменің ашылуы да жылдағыдан өзгеше салтанатпен өтті. Ұйымдастырушылар кәдімгі ұшақ жөндейтін үлкен базаны соңғы технологиямен жарақтандырылған сахнаға айналдырды. Театрландырылған көріністе ұлан-ғайыр жерді мекендеген Көк бөрі ұрпағының ерлігі мен өрлігі хореографиялық шешіммен өріліп отырады. Жерұйық іздеген Қорқыт ата жердің кіндігі деп Сыр өңірін таңдайды. Оның өзінің философиялық мәні бар. Өйткені, дәл осы жерден адамзат баласы алғаш рет Көкке көтерілді, ғарышты бағындырды. Бұл қазақ жеріндегі техникалық революцияның жетістігі болса, қазақ даласының екінші бөлігінде «ғасыр зұлматы» көкке көтеріліп, жерін улап жатты. Қойылым барысында Семей полигонының жабылуы да ерекше шеберлікпен көрсетілді. Сахнаның сан алуан түрде құбылуы, әр нөмірде қолданылған соңғы технологиялық шешімдер, кинетика мен залдың барлық жеріне қойылған үлкен экрандар бірде тарих қойнауына жетелесе, бірде ғарыш әлеміне кіргендей әсер қалдырды. Жарық пен дыбыс, әр нөмірге арнайы жазылған саундтректер концертке ерекше әсер берді. Салтанатты қойылымның шарықтау шегі деп жас дарын Данеля Төлешова шырқаған әнді айтуға болады. Жаңа ән «KADEX» көрмесінің ашылуына орай арнайы жазылған екен.

Хабарламаларға жазылу