Биылғы «KADEX» халықаралық көрмесі несімен ерекшеленді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биылғы «KADEX» халықаралық көрмесі несімен ерекшеленді?

27.05.2018

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінен кейін Елбасы бірнеше павильонды аралап көрді. Биылғы көрменің аясы кеңейген. 10 павильон жұмыс істеді. Олардың ішінде Түркияның, Қытайдың және Ресейдің 3 жеке павильоны бар. Ал, Қазақстан жағынан «Қазақстан инжиниринг», «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» және «Қазтехнология» кәсіпорындарының павильондары қойылған. Негізі, «KADEX» - қару жасайтын озық технологиясы бар елдердің жаңа техникалары бәсекеге түсер алаң. Өз әскерімізге қажетті осы заманғы техникаларды сатып алуға таптырмас шара. Мұнда техниканың озық түрін делдалсыз жеңілдікпен сатып алуға болады. Осы тұста әйгілі Наполеон Бонапарттың сөзі есіме түсіп тұр. Ол «өзінің әскерін асырап-сақтай алмаған мемлекет өзгенің әскерін асырауға мәжбүр болады» деп өмірлік көрген-түйгенін өсиет қылып қалдырғаны бар. Қаһарман қолбасшының бұл сөзі әлі өзекті. Сондықтан, жұмыр жердің әр елі өз қауіпсіздігі үшін жатпай-тұрмай әскерін күшейтеді. Өзінде жоқ қаруды өзгеден сатып алады. Өзі өндірген әскери техникаларын қалап келгендерге қап-қап ақшаға пұлдайды. Осыдан 20 жыл бұрынғы жағдайды білесіз. Әскери техникамыз тот басып, қаңтарылып тұрды, талайы ұрланды-тоналды. Әскери әлеует әлсіреді. Қазір қайта заман түзелгелі ел әскері осы заманғы озық техникалармен жарақ­талып жатыр. Әскердің техникасы жиі жарнама жасайтындай жеңіл-желпі тауар емес, әрі мемлекеттің құпиясы. Сондықтан, тек осындай алаңдарда ғана өзіміздің де, өзгенің де техникасын көріп, бағалауға мүмкіндік туады. Бұл жолғы «KADEX»-те құны 300 миллиард теңге болатын 100-ден астам келісімшартқа қол қойылды. Сонымен, биылғы халықаралық көрме несімен ерекшеленді? Біз не ұсындық? Кім не әкелді? Кімнен кембіз, кіммен теңбіз? Әскери көрмеден алған әсерін Айнұр Омар жеткізеді.

 

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу