Жамбыл облысының жұртшылығы Жеңіс күні мерекесін ерекше атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысының жұртшылығы Жеңіс күні мерекесін ерекше атап өтті

13.05.2018

Жеңістің жетпіс үшінші мерекесін Жамбыл облысының жұртшылығы ерекше атап өтті. Мейрамға орай Таразда жаңадан «Ерлік» мемориалдық кешені ашылды. Кешен салынған орын осыдан 33 жыл бұрын ашылған Бауыржан Момышұлы атындағы Жеңіс саябағы болатын. Алайда, осы атауынан басқа мұнда отты жылдардың естелігі мен майдангерлердің ерлігін дәріптейтін  жәдігерлер жоқтың қасы еді. Сәуірде құрылыс жұмыстары басталып, 300 жұмысшы бір ай бойы күндіз-түні тынбай еңбек етті. Нәтижесінде, небәрі 34 күннің ішінде жалпы аумағы 15 гектар саябақта сәулетті кешен салынды. Қала шетіндегі «Мәңгілік алау» мен Бауыржан Момышұлы ескерткіші осы кешеннің төрінен орын алды. Әулиеата өңірінен шыққан 48 Кеңес одағы батырының есімі жазылып, алтын жұлдызы орналастырылған «Батырлар аллеясы» бой көтерді. Сол жылдары соғыс даласына аттанған 105 мың жамбылдық жауынгердің есімі мәрмәр тасқа қашап жазылды. Осылайша, отты жылдар шежіресі өріліп, ерлік пен даңқтың тарихы мен символы бір кешенге тоғысты. Өткен күннің өнегесін бүгінгінің берекесімен астастырған саябақ енді жамбылдықтар жиі келетін орынға айналмақ.

 

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу