Мектептерде ата-аналардан оңды-солды ақша жинау тыйылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектептерде ата-аналардан оңды-солды ақша жинау тыйылмай тұр

06.05.2018

Бізде оқу жылының басында, ортасында және аяғында айналып келіп, соғып отыратын үш тақырып бар. Алғашқысы баланы мектепке дайындау үшін кететін шығын, одан кейінгісі мектептің бітпейтін керек-жарағына ақша жинау мәселесі, соңғысы мектеп бітіру кештеріне шашылатын қаржы жайы. Өкініштісі, сан министр ауысса да, осы мәселенің нүктесін ешқайсысы қоя алмай келеді. Негізі, білім ошақтарының керек-жарағына жергілікті бюджеттен жыл сайын қыруар қаржы бөлініп отырады. Бір қызығы, сол миллиардтаған ақша мектептің ұсақ-түйегін алуға келгенде, жетпей қалып жатады. Кей мектептерде ақ парақ, бор, су, тақта сүртетін шүберек, ең арысы әжетхана қағазына да ата-аналардың қалтасынан төленеді.

Басшылық осылайша, «ата-аналардың қолымен от көсеуге» дағдыланып алған. Себебін сұрасаң, мектеп қорына өздерінің мүлде қатысы жоғын, ата-аналар бастамасымен құрылғанын айтып, басын ала қашады. Дүркіреп өтетін түлектер кешіне тыйым салу туралы сөз қозғасаң, тағы да ата-аналардың өзін кінәлап шыға келеді. Егер, ата-аналардың бастамасымен мектептен тыс жерде думан-сауық ұйымдастырылса, оған тыйым салуға директор былай тұрсын, министрліктің де құзыры жүрмейді-мыс.

«Егер, қыруар шығынды қалтаңыз көтермесе, балаңызды мектеп бітіру кешіне жібермей-ақ қойыңыз»,- дейді бас мұғалім. Бәрі бірдей бай-бағланның баласы емес қой. Жалақыдан жалақыға дейін жан баққан қоңыртөбел отбасы көп. Бірақ, кім баласын қатарынан қалдырғысы келеді.

Қарызданса да, қалағанын орындайды. Баланың меселін қайырғысы келмейді, ортасынан айырғысы келмейді. Соңында қарызға батады. Шаш етектен келетін шығынды Шынар Асанқызы есептеп көрді.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу