Миллионнан аса тұрғын банктердегі берешегін уақыты төлей алмай, «қара тізімге» енген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Миллионнан аса тұрғын банктердегі берешегін уақыты төлей алмай, «қара тізімге» енген

06.05.2018

Биылғы жылдың қаңтарынан сәуірге дейін ел азаматтарына 4,6 триллион теңге несие берілген. Компанияларға 7,9 триллионы кетіпті. Бұл небәрі 3 айдың есебі. Енді, бағамдай беріңіз, несиені несібесіне балаған жұрт қарызға неге сонша құнығып барады?! Әуелі – шарасыздықтан. Тұрмыстық тығырықтан құтқарар тетік – кредит,- дейді көбі. Бірақ, қақпанын қалтаңа салып беретін банктердің айызы қанғанша, қойған пайызына үңіле бермейміз.

Өйткені, кей мәліметтерге қарасақ, 250 мыңға жуық азамат жоғары пайызбен онлайн-несие алыпты. Оның қайтарымы да қиын екені белгілі. Нәтижесінде, жүз мыңға жуық азамат қарызын өтей алмай, банктерден бой тасалап жүр. Миллионға тарта отандасымыз күнтізбеге күрсіне қарап, ай сайын тапқанын банктерге бөліп әлек. Дегенмен, ақшаны оңды-солды үлестіріп, ең соңында қарызын өтей алмай банкрот болып жатқан банктер де бар. Бұл ретте, «беруші мен алушының арасындағы тетіктерді түзеп, талапты күшейтіп, оң шешімін шығарған ләзім»,- дейді сарапшылар.

Мәселен, жеке азаматтарды банкрот деп табу. Кей тұтынушыларға рақымшылық жасау және тағысын-тағы амалдар қаржы саласына серпін беруі тиіс. Сондай-ақ, миллионнан аса тұрғын банктердегі берешегін уақыты төлей алмай, «қара тізімге» енген. Енді, олардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсіп ашуына, тұрғын үй алуына жол жабық. Бұл мәселені осы аптада Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым да көтеріп, жауапты орган өкіліне салмақты сауал қойған еді.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу