Астананың мерейтойына жоспарланған ең қымбат шара қандай? Қапыда қаза таппаса, қазақтың қамы үшін көбірек жұмыс тындырар Алаш жұртының маңдайына біткен ұлылар кімдер? Қазір кезек дәстүрлі «БАҚ»-қа шолу айдарында. «Qazaquni.kz» порталы Елбасының қатысуымен өткен 18 кітаптың таныстырылуынан ақпарат жариялапты. Онда оқырмандарының назарына Мемлекет басшысының мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты ойларын ұсынады. Салатанатты шарада Елбасы «біздің қазақ тілін насихаттап жатқанымызға ешкім таң қалып, шамданбай-ақ қойсын. Өйткені, қазақ халқы да бүкіл әлемге өзінің мәдениетін, тарихын көрсеткісі келеді, біз осы әлемнің бір бөлігіміз» деген еді. Қазақстан кезең-кезеңімен цифрлық телерадио хабар таратуға көшеді. «Qamshy.kz» Ақпарат және коммуникациялар министрінің мәлімдемесін басқан екен. Дәурен Абаевтың Facebook-тегі парақшасында жариялаған жазбасына қарағанда, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша елде 827 радио және теледидар станциясын салу жұмыстары жоспарланған. Бұл жүйе халыққа облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында 30 отандық телеарнаны, сондай-ақ, елді мекендерде 15 телеарнаны цифрлық сапада абоненттік өтемақысыз көруге мүмкіндік береді.
«Мәдениет министрі Астананың мерейтойына жоспарланған ең қымбат шараны атады», - деп хабарлайды «Ult.kz». Арыстанбек Мұхамедиұлы бас қаланың 20 жылдығына неліктен қыруар қаражат қарастырылып отырғанын түсіндіріпті. Министрдің айтуынша, Астанада 15-16-маусымда халықаралық эстрада әндері ніңфестивалі өтпекші екен. Тағы бір шоқтығы биік шара деп Арыстанбек Мұхамедиұлы «Астана Опера» театрының Бейжің ұлттық опера театрымен бірлесіп «Турандот» операсын сахналайтынын айтыпты. «Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың бір бөлігі. Сондықтан, біз ел беделін көтеретін шараларды өткізуге міндеттіміз», - дейді министр. Ақпарат үшін айта кетейін, Астананың 20 жылдығына бас-аяғы 85 мәдени және спорттық шара жоспарланып, оған бюджеттен 19 млрд. теңге қарастырылып отыр. «Qamshy.kz» Алаш жұртының маңдайына біткен кейбір ұлылардың өлімі жайлы мақала жариялапты. «Қапыда қаза таппаса...» деп қойған тақырыптың өзі біраз нәрсені аңғартып тұрғандай. Сонымен, түсініксіз жағдайда фәниден өткен тұлғалар кімдер?.. Әрине, әлемді тамсандырған Әміренің бұл тізімде болуы заңдылық. Ән падишасы небәрі 46 жасында белгісіз жағдайда қаза тапты. Қайтыс болу себебі жайлы сөз болғанда әңгіменің түбі Әміренің 1925 жылы Парижде Мұстафа Шоқаймен кездесуіне тіреледі. Әншіні жан-жақты зерттеген Жарқын Шәкәрім Әміренің кісі қолынан қаза тапқанына сенімді. Ақпарат агенттігінің тізіміндегі келесі тұлға Мұстафа Шоқай. Исі түркінің азаттығы үшін арпалысқан, тоталитарлық жүйенің қысымына шыдамай, эмиграцияға кетуге мәжбүр болған Мұстафа Шоқай 1941 жылы 27-желтоқсанда Берлин ауруханасында жұмбақ жағдайда көз жұмды. Құжаттарда ол «жұқпалы сүзек ауруынан қайтыс болды» деп жазылған. Бірақ, жары Мария Яковлевна күйеуін біреулер әдейі улап өлтіргеніне сенімді болды. Қазақтың ұлы ақыны Мағжанның өмірбаянымен мектеп кезінен таныспыз. Ол 1937 жылы «жапон тыңшысы» деген айыппен тұтқындалған. Ресми дерек бойынша 1938 жылы атылған. Бірақ, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Мен Мағжанды көрдім», — деген сөзі бар. Тіпті кей деректерде «Мағжан 1951 жылы лагерьде, Магаданда қайтыс болды» делінеді. Ал, «Мағжан» атты монографиялық зерттеуі үшін Мемлекеттік сыйлық алған әдебиетші-ғалым Шериздан Елеукенов ол әңгіменің бәрін теріске шығарды. Яғни, ақынның өлімі жұмбақ күйінде қала бермек.
«Барлығының елі бар, менің елім қайда?» - деп өкініштен аһ ұрған Мұстафа Өзтүріктің де өмірі шырғалаңға толы. Қазақстандағы таэквандо федерациясының негізін қалаушы, аты аңызға айналған спортшы 1954 жылы Стамбул қаласында дүниеге келген. 1990 жылы биліктің шақыртуымен тарихи отаны Қазақстанға оралады. 1994 жылы Парламент депутаттығына кандидатурасын ұсынады. Бірақ, тиісті дауысты жинай алмайды. Бір жыл өткен соң Алматы ауруханаларының бірінде көз жұмады. Достарының айтуынша, Өзтүрікті улаған. Тек бұл дерек ресми деңгейде мойындалмады. Өлімінің нақты себебі әлі күнге жұмбақ.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Олимпиада ойындарында тұңғыш алтын медаль алған қазақ Бекзат Саттархановтың өлімі де жұмбақ. Ол жаңа ғасырға 20 минут қалғанда бақилық болған еді. 2000 жылы 31-желтоқсанда Бекзат жол апатына ұшырады деген қаралы хабар, көп ұзамай «чемпионның өлімі қолдан ұйымдастырылды» деген сыбыс тарады. Әкесі Сейілхан: «Бекзат XX ғасырда дүниеге келді, жиырма жасында Олимпиада чемпионы атанды. Жиырма жыл ғұмыр кешті. Жаңа ғасырға жиырма минут қалғанда бақилық болды», деп толғанып еді.