Нұрсұлтан Назарбаев төрт елдің елшілерінен Сенім грамоталарын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев төрт елдің елшілерінен Сенім грамоталарын қабылдады

15.04.2018

Батыспен бауырласпыз, шығыспен тамырласпыз. Осы аптада қазақпен жолдастықты жандандырып, әріптестікті дамытуға бейілді төрт мемлекет Ақордаға елшілерін жіберді. Олар - саясатта серік, достықта берік Италия, Ресей, Өзбекстан және Түркіменстан. Нұрсұлтан Назарбаев олардан сенім грамоталарын қабылдады. Әмбеге аян, әр елдің тарихы мен танымы, қуаты мен қарымы әртүрлі болғанымен, мүддесі бір, ол – Қазақстанмен ықпалдастықты дамыту, байланысты бекемдеу. Құдайы көрші Ресеймен арадағы қатынас мемлекетаралық байланыстың эталоны іспетті болса, өзбек ағайындармен қазір ынтымақ жандана, жарқырай түсті. Шавкат Мирзиёев билікке келгелі Астана мен Ташкент жолдастығының жаңа жылнамасы ашылды. Биыл Өзбекстан біздің елде 160-тан астам ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ. Италия болса, Қазақстанның сауда саласындағы әріптестерінің үздік үштігіне кіреді. Бұлжымайтын дәстүр бар, Мемлекет басшысы елшілермен емен-жарқын сұхбаттасып, ой-пікірлерін тыңдайды, өз еліміздің сыртқы саясаттағы ұстанымдарын жеткізеді. Бұл жолы да солай болды. Президент жаңа елшілердің қызметтеріне жақсылық тілесе, елшілер Елбасыға Қазақстанның қауіпсіздік пен тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім бағытындағы бастамаларын жаһан жоғары бағалап отырғанын жеткізді.

Рас, қысқа уақытта біздің ел халықаралық қауымдастықтағы беделін бекемдеп, жиһанның сан елімен салиқалы байланыс орнатты. Әлемнің 140-тан аса елімен дос екенбіз. Республикамызда шетелдің жүзден астам өкілдігі бар. Түйін, еліміздің еңсе тіктеп, екпінді дамуына сырт әлеммен байырқалы байланыстың септігі көп тиді.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу