Ақын Мұхтар Шахановтың төрт ерлігі қандай? Ақпарат министрі елдегі сөз бостандығының деңгейін қалай бағалайды? Қазір кезек дәстүрлі «БАҚ»-қа шолу айдарында. «Ult.kz» порталы Елбасы қабылдауында болған Білім министрінің есебін жариялапты. Ерлан Сағадиев кездесуде Мемлекет басшысына жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін мұғалімдер даярлау барысын баяндады. 2016 жылы ағылшын тілінде 2 мың мұғалім сабақ берген. Былтыр 11,5 мың мұғалім тиісті курстан өтуге өтініш білдіріп, олардың 3 мыңға жуығы даярлығын аяқтап, сабақ беруге кірісті. «Осылайша, 2019 жылы 13,5 мың мұғалім төрт пәнді ағылшын тілінде беруді бастайды», – деді бас мұғалім.
«Qamshy.kz» Ақпарат және коммуникациялар министрінің «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатын жариялаған екен. Онда Дәурен Абаев ақпарат нарығын қадағалауда ұстау, журналистік этика туралы пікірлерімен бөліскен екен. Біз сөз бостандығын алдыңғы қатарға қоятын мемлекетпіз. Сондықтан, ақпарат нарығын қадағалауға мүмкіндік мол болғанымен, басылымдардың тақырып таңдаудағы, оны халыққа жеткізудегі шығармашылық еркіндігіне шектеу қоя алмаймыз. Алайда, әрбір қолына қалам ұстаған тілші журналистік этиканы есінен шығармағаны абзал. «Арзан сенсация қуамын деп заңды бұзуға болмайды», - дейді министр. Осы «Qamshy.kz» сәрсенбі күні оқырмандарынан Саят Ыбыраев мерзімінен бұрын бостандыққа шықты деп сүйінші сұрапты. 51 жастағы техника ғылымдарының докторы, профессор 2011 жылы «экстремизм» бабы бойынша 12 жылға сотталған еді. Адвокаты Абзал Құспанның хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облыстық соты Семей қалалық сотының шешімін бұзып, аппеляция алқаның қаулысымен профессорды мерзімінен бұрын босатқан.
«Abai.kz» Қобдабай Қабдыразақұлының мақаласын басқан екен. Онда ғалым-жазушы қазақтың дін туралы танымы жайлы ой қозғайды. Атақты ағартушы, ойшылардың айтқандарынан тартып, халқымыздың наным-сенімі туралы баяндайды. «Қазақ бар жақсылық ұғымды иман сөзімен, бар жамандық ұғымды имансыз сөзімен айқындаған. Жүзі жылы жанды жолықтыра қалса, «бетінен иманы төгіліп тұрған адам екен» немесе «иманжүзді кісі екен» деп сөз етісетіні де сондықтан. «Жиғаныңа сенбе – иманыңа сен. Иманды адам – арлы адам. Имансыз адам – сорлы адам» деген секілді тұрақты сөз тіркестері мен мәтел сөздер жетерлік. Өкінішке қарай, кеңестік дәуірде тоталитарлық саясаттың салдарынан біз осындай ұлы қасиетімізден айырылып қала жаздадық», - дейді автор.
«Qazaquni.kz» ақын Мұхтар Шахановтың төрт ерлігі жайлы мақала жариялапты. Авторы –Жазушылар Одағының мүшесі, әдебиет сыншысы Жұма-Назар Сомжүрек. «Ойсалым» кеңесінің төрағасы соңғы кездері қоғамда қызу талқыланған мәселеге осылайша үн қосуды жөн санаған екен. Сонымен, Шахановтың төрт ерлігі қандай? Алғашқысы: «Мәскеуде Аралдың тағдыры туралы айтамын, деп Желтоқсан көтерілісінен кейін халқымызға таңылған «қазақ ұлтшылдығы» атты жалған жаланы алып тастау туралы мәселе көтергені», - депті автор. Одан кейінгі батылдығы – Қазақстан Жоғарғы Кеңесі съезінде орыс тілі де мемлекеттік тіл болып қабылданып кеткен сәтінде мінбеге шығып: қос тілділікке үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, қайта дауысқа салуды талап еткені екен. Үшінші ерлігі – қайбір жылы жеке куәлігіміз бен төлқұжатымызға ұлтымыз көрсетілмей, қазақстандық болып кете жаздағанда көрінді. Төртінші ерлігі – 1988 жылы Наурыз мерекесін қазаққа қайтарып беруі. «Кеше ғана тойланған төл мерекемізге де ақын Мұхтардың азаматтық ерлігінің арқасында қол жеткен», - дейді Жұма-Назар Сомжүрек.